Өңір басшысы Асхат Шахаров жастармен «OPEN TALK» форматында ашық пікір алмасты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Келелі кездесуде Ақтөбе жастары облыс әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізіп, өңірді дамытуға бағытталған тың бастамаларымен бөлісті.

Басқосу Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Жастар – жаңа дәуірдің күші» атты мерекелік кеш және «Жастармен бірге» ұлттық жастар акциясы аясында өтті.

Ашық диалог алаңына өңірдің белсенді жастары – волонтерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, студенттер, мәдениет, білім беру және IT салаларының өкілдері, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты. Жастар өз жобалары мен жетістіктерін таныстырып, Ақтөбе облысының дамуына үлес қосар ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосуды ашқан Асхат Шахаров ақтөбелік жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, олардың ел мен өңірдің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

«Жастар облысымыздағы халықтың шамамен 30 пайызы. Бұл – үлкен әлеует әрі зор жауапкершілік. Сіздер білім, кәсіпкерлік, спорт, мәдениет, волонтерлік және қоғамдық жұмыстар арқылы өңірдің дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Мемлекет жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласуына жағдай жасап отыр. Құрылтай мен мәслихаттарда жастарға 30 пайыздық квотаның бекітілуі – сіздерге деген сенімнің нақты көрінісі. Өңірде де жастарды қолдау шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Білім алудан бастап жұмыспен қамтуға, «AQTOBE JASTARY» тұрғын үй бағдарламасынан жастардың бастамаларын қолдауға дейінгі бағыттардың барлығына назар аударылуда. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді қалай пайдаланатындарыңызда. Жаңа Конституция қоғамда тең мүмкіндіктер қағидатын орнықтырды. Ендігі кезек – Сіздерде. Қазіргі заман – білім мен біліктің дәуірі. Сондықтан үнемі ізденіп, жаңа технологияларды меңгеріңіздер. Жауапкершіліктен қорықпай, тың идеяларды ұсынуға ұмтылыңыздар. Білімдеріңіз, күш-жігерлеріңіз бен қабілеттеріңізді туған өлкенің дамуына бағыттаңыздар. Ақтөбе облысының болашағы көп жағдайда сіздердің бастамаларыңыз бен еңбектеріңізге байланысты екеніне сенімдімін», – деді өңір басшысы. 

Кездесу барысында Асхат Шахаров облыста жүзеге асырылып жатқан жастар жобалары мен бастамаларына да тоқталды. Соның ішінде жастардың экологиялық белсенділігіне ерекше мән берілді. Жастар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» бағдарламасы аясындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарында белсенді.

Волонтерлік қозғалысты дамыту да маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өтілді. Жас еріктілер әлеуметтік және қоғамдық жобаларға қатысып, тұрғындарға көмек көрсетіп, қоғамға қолдау көрсетуге бағытталған бастамаларға араласуда.

Жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін арттыруға да басымдық берілуде. «AQTOBE CAMP» жобасы аясында жастардың білімін жетілдіруіне, өзара тәжірибе алмасуына, жаңа адамдармен танысып, идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасалған. Жоба түрлі салаға қызығушылық танытатын жастарды біріктіріп, олардың кәсіби және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Кездесуде кітап оқу мәдениеті де сөз болды. Жастар облыс әкімінен жас буынға қандай кітаптарды ұсынатынын сұрады. Асхат Шахаров өзіне әсер еткен шығармаларымен бөлісіп, үнемі іздену, білімді жетілдіруд және дүниетанымды кеңейтудің маңызын алға тартты.

Диалог жалғасы ретінде аймақ басшысы 100 жастың әрқайсысына сыйлық ретінде қазақстандық авторлардың кітаптары табысталды. Әр кітапқа Асхат Шахаров жылы лебізін жазып, жеке қолтаңбасын қалдырған.

Бұл сыйлықтың мәні жастарға ізгі тілек білдірумен шектелмей, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үнемі ізденіп, өзін-өзі дамыту және отандық әдебиетке қызығушылықты арттырудың маңызын айқындай түсті.

Мерекелік кеш барысында түрлі салада жоғары нәтижелерге қол жеткізген бір топ жас ақтөбелік марапатталды.

Олардың қатарында спорт, мәдениет, білім беру, медицина, әлеуметтік сала, мемлекеттік қызмет, IT және кәсіпкерлік салаларының өкілдері – жас ақын Аманжол Исламғали, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрберген Өтеген, тоғызқұмалақтан спорт шебері Алмас Тлегенов, фельдшер Самал Абдраманова, полиция қызметкері Танбай Орынбасарұлы, педагог Жанар Әмірғали, оқушы Нұрсейіт Сейтқазиев, IT маманы Шынасыл Қойлыбай, әлеуметтік қызметкер Еламан Смағұл, мемлекеттік қызметші Келіс Тұрмағамбетов және жас кәсіпкер Әлихан Изимов бар.

Кездесу соңында өңір басшысы жастарға жаңа мүмкіндіктерден қорықпай, білім мен біліктілігін үнемі жетілдіріп, өз күш-жігері мен қабілетін туған өлкенің дамуына бағыттауды тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1273358?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді