
Бүгін Астана қаласында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының XII отырысы өтті. Отырыс жұмысына халықаралық байқаушылар, саяси партиялардың, Сыртқы істер, мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференцбайланыс режимінде астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары қосылды.
Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс беруді бастау мен аяқтаудың басқа уақытын белгілеу, азаматтарды дауыс беру уақыты мен орны туралы ақпараттандыру және хабарландыру бойынша жүргізілген жұмыс туралы, сондай-ақ өтініштерді қарау барысы туралы;
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысты ұйымдастыру және өткізу мәселелері туралы;
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы.
2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда республика азаматтары жергілікті уақыт бойынша 7.00-ден 20.00-ге дейін дауыс бере алады. Сонымен қатар, сайлау туралы Конституциялық заң аумақтық сайлау комиссияларына тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеу құқығын береді. Осыған байланысты ОСК отырысы барысында аумақтық сайлау комиссияларының басшылары дауыс беруді бастаудың және аяқтаудың басқа уақыты белгіленген учаскелердің саны туралы ақпарат ұсынды.
Елімізде барлығы 10 423 сайлау учаскесінің 100-ден астамы өз жұмысын таңғы сағат 6:00-де бастайды. Тағы шамамен 600 учаскеде – әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу мекемелерінде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында және вахталық әдіспен жұмыс ұйымдастырылатын орындарда, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде – тізімге енгізілген барлық азамат дауыс беріп болған жағдайда, дауыс беруді кез келген уақытта аяқталды деп жариялауға болады.
Дауыс берудің бастау уақытын өзгерту туралы аумақтық комиссиялардың тиісті шешімдері сайлаушыларға жеткізілді.
Сонымен қатар, аумақтық сайлау комиссияларының басшылары өңірлерде әрбір сайлаушыға сайлауға қатысуға шақыратын дербес шақыруларды жеткізу, азаматтарға алдағы сайлау туралы ақпарат беру, өз сайлау учаскесін онлайн іздеу мүмкіндіктері, call-орталықтардың жұмысы, есептен шығару куәліктерін беру және азаматтардың өтініштерін қарау бойынша жұмыстардың барысы туралы баяндады.
Есептерді қорытындылаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушыларға сайлауға қатысуға арналған дербес шақыруларды табыстау жөніндегі тапсырманы жауапкершілікпен орындаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Өткен аптадан бері мен және Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміз бойынша инспекциялық сапарлар жүргізіп келеміз. Бүгінгі күнге дейін 12 өңірде болып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен, дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен және сайлаушыларды ақпараттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстық. Сайлаушыларға шақыруларды табыстау кезінде оларға дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктері туралы ақпаратты да міндетті түрде ұсыну қажет екенін атап өткім келеді. Әрбір сайлаушыға басқа қалада немесе облыста болған жағдайда, дауыс беруге құқығы әрі мүмкіндігі бар екенін жеткізу маңызды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға толыққанды қатысуы үшін жағдай жасауға баса назар аударуды сұраймын», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында осы сайлау науқанының қорытынды телепікірсайыстарының қалай өтетіндігі туралы да айтылды. ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік атап өткендей, сайлау туралы конституциялық заңның 28-бабына сәйкес, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы.
«Пікірсайыстарды өткізудің негізгі қағидаттарының бірі – барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасау. Оларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі қандай да бір саяси партияға немесе оның кандидаттарына артықшылық бермеуге тиіс. Сайлау алдындағы пікірсайыстар сайлау заңнамасының талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттарына сәйкес өткізіледі. Осыған байланысты сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарды өткізу алаңын, форматы мен шарттарын айқындау бойынша қажетті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы бойынша қорытынды пікірсайыстарды өткізу алаңы ретінде «Хабар» агенттігі» АҚ-ның «24KZ» телеарнасы айқындалды», – деп хабарлады Ләззат Сүйіндік.
«24KZ» телеарнасын таңдау оның техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ақпаратты кең ауқымда тарату мүмкіндігіне байланысты екені атап өтілді. Бұл пікірсайыстардың толыққанды телевизиялық трансляциясын қамтамасыз етіп, сайлаушыларды барынша көбірек қамтуға мүмкіндік береді.
Бекітілген регламентке сәйкес, дебаттар өзіндік міндеті мен форматты қамтитын 4 раундтан тұрады. Атап айтқанда, «Партияны таныстыру», «Оппоненттерге сұрақтар», «Көрермендерден сұрақтар», «Сайлаушыларға үндеу».
Бүгінгі таңда тіркелген 7 саяси партияның барлығы қорытынды телепікірсайысқа өз төрағаларының қатысатынын растады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселені талқылау барысында Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауына халықаралық қоғамдастықтың жоғары қызығушылық танытып отырғаны атап өтілді. Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман елімізге Еуропа, Азия елдерінен және ТМД кеңістігінен жүздеген халықаралық байқаушы келіп жатқанын хабарлады. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 7 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымнан тағы 405 халықаралық байқаушыны аккредиттеу туралы қаулы қабылдады.
«Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 7 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымнан 405 байқаушының кандидатурасы аккредиттеуге ұсынылды. Оның ішінде ТМД Байқаушылар миссиясынан – 75, ТМД ПАА-нан – 23, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясынан – 208, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан – 23, Түркі мемлекеттері ұйымы Байқаушылар миссиясынан – 10, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы Байқаушылар миссиясынан – 22, ШЫҰ Байқаушылар миссиясынан – 11, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінен (АӨСШК) – 9, Азық-түлік қауіпсіздігі ислам ұйымынан – 7, сондай-ақ Литва, Түркия, Грузия, Солтүстік Македония, Эстония, Нидерланд Корольдігі және Тәжікстаннан – 17 байқаушы бар», – деп атап өтті Мұхтар Ерман.
Айта кетейік, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 17 тамыз күнгі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар туралы деректер жаңартылып отырады. Осылайша, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлауға Орталық сайлау комиссиясы 656 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады. Сондай-ақ ОСК мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1273242?lang=ru

Жауап қалдыру