
Қарағандыда бұрынғы Ленин атындағы кинотеатр ғимаратында орналасатын Жастар үйінің тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба авторлары ғимараттың тарихи әрі көпшілікке таныс келбетін сақтап, оның ішінде жұмыс істеуге, шығармашылықпен айналысуға, білім алуға және кездесулер өткізуге арналған заманауи кеңістік құруды ұсынып отыр.
Бұрынғы кинотеатр мемлекет меншігіне қайтарылғаннан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ғимараттың жаңа мақсатын айқындап, мұнда Жастар үйін құруды тапсырды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, жоба өңірдегі жастарды біріктіретін ірі кеңістік құру қажеттілігіне байланысты қолға алынған. Бұл жай ғана алаң емес, бастамалар көтеріліп, кездесулер өтіп, түрлі жобалар жүзеге асырылатын тұрақты орын болуы тиіс.
— Нысан музейге айналмауы керек. Уақыт өте келе жақсы жобалардың өзіндік мұражай экспонатына айналып кеткенін көрдік: ғимарат бар, оны көрсетеді, бірақ ол біз қалағандай жұмыс істемейді. Бұл нысанның болашағы жастарға байланысты — біз қандай жағдай жасайтынымызға және оны қандай мазмұнмен толтыратынымызға байланысты, — деді Әлібек Әлденей.

Тұжырымдаманы урбанистика саласын дамытуға бағытталған URBOTEKA қорының құрылтайшысы Кристина Бекмурзаева таныстырды. Оның айтуынша, жобаның басты міндеттерінің бірі — ғимараттың Қарағандымен тарихи байланысын сақтау.
— Көптеген қарағандылықтар үшін бұл орын жастық шақпен, студенттік кезеңмен, балалықпен байланысты жылы естеліктерді сақтайды. Сондықтан ғимараттың көпшілікке таныс келбетін сақтай отырып, оған жаңа өмір беру маңызды болды, — деп атап өтті Кристина Бекмурзаева.
Ғимарат ішінде бір кино залын сақтау жоспарланып отыр. Ол кинокөрсетілімдер, кездесулер, тұсаукесерлер және басқа да іс-шаралар өткізілетін көпфункционалды алаң ретінде жұмыс істейді. Екінші зал коворкинг кеңістігіне бейімделеді. Сондай-ақ Жастар үйінде AI-аймақ пен Ғарыш музейінің экспозициясы қарастырылған.
Кеңістікті безендіруде Қарағандының мозаикаларына тән сарын пайдаланылады. Ғимарат алдына қаланың индустриялық тарихы мен еңбек адамдарына сілтеме жасайтын кортен-болаттан жасалған арт-нысан орнату жоспарланған.
Жобаның бір бөлігі ғимарат аумағынан тыс жерде жүзеге асырылады. Артқы алаңда жазғы кинокөрсетілімдер, концерттер және басқа да іс-шаралар өткізуге арналған ашық амфитеатр құру көзделген. Кейін тұжырымдама авторлары іргелес аумақты да дамытуды ұсынып отыр. Бұл Жастар үйінің ашық қалалық алаң ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
— Біз жастар саясаты басқармасымен бірге осы кеңістіктің әр шаршы метрінде қала мен облысқа барынша пайда әкелетін өз функционалы болуы үшін көп жұмыс атқардық, — деді Кристина Бекмурзаева.
Қазір жоба жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіне өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1273328?lang=ru

Жауап қалдыру