
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінде көліктерді бақылауға арналған алғашқы автоматтандырылған жүйе іске қосылды. Ол «Берлога» демалыс базасы бағытына, Шайтанкөл көліне апаратын туристік маршруттың кіреберісіндегі бақылау-өткізу бекетіне орнатылды.

Енді туристерге кезекте тұрып, құжаттарды сол жерде рәсімдеудің қажеті жоқ. Кіру ақысын алдын ала немесе тікелей бақылау-өткізу бекетінде төлеу жеткілікті. Камера автокөліктің мемлекеттік нөмірін оқиды, жүйе төлемнің жасалғанын тексереді де, шлагбаум автоматты түрде ашылады.
Жаңашылдық парктің туристік инфрақұрылымын цифрландыру жұмыстарының бір бөлігіне айналды.

— Туризмді дамыту мақсатында бақылау-өткізу бекеттерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға сәйкес ұлттық парк туристік маршруттарды ұсыну бойынша қызмет көрсетеді. Бізде Экология министрлігі бекіткен тарифтер қолданылады. Мысалы, жеңіл автокөліктің кіру ақысы тәулігіне 0,5 АЕК — 2162 теңгені құрайды. Бұл ретте көлікте қанша адам отырғаны маңызды емес: төлем тек көлік құралы үшін алынады, — деп түсіндірді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің директоры Руслан Төлепбаев.

Бақылау-өткізу бекетінде камера көліктің мемлекеттік нөмірін тіркейді. Жүйе төлемнің жасалғанын тексереді.

Егер турист кіру ақысын сол жерде төлейтін болса, QR-кодты сканерлеуі жеткілікті. Төлем жасау үшін Kaspi және Halyk жүйелері қолжетімді. Одан кейін көліктің тіркеу нөмірін — әріптерін, цифрларын және өңір кодын енгізу қажет. Төлем расталғаннан кейін шлагбаум автоматты түрде ашылады.

Кіру ақысын алдын ала да төлеуге болады. Ол үшін Kaspi қосымшасындағы «Көлік» бөлімінен «Ұлттық парктер мен қорықтар» төлем мақсатын таңдап, Қарқаралы ұлттық паркін көрсету қажет.
Бұл жағдайда бақылау-өткізу бекетіне жақындаған кезде камера көліктің нөмірін оқиды. Жүйе төлемнің жасалғанын анықтап, көлікті қосымша тоқтатпай өткізеді.
Мұндай жүйелер Қазақстанның басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында — Шарын және Баянауыл ұлттық парктерінде, «Көлсай көлдері» аумағында, сондай-ақ Бурабай мен Көкшетауда жұмыс істеп тұр.
Қазір автоматтандырылған бақылау Қарқаралы паркінің алты туристік маршрутының біреуінде ғана іске қосылған. Келесі кезекте «Шахтёр» демалыс үйі мен «Каскад» демалыс аймағына апаратын жолдарды осындай жүйемен жабдықтау жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта жүйені барлық алты туристік маршрутқа орнату көзделген.
— Бұл жүйені барлық алты туристік маршрутқа кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз. Ең алдымен, бұл туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қажет: ақысын алдын ала төлеп, келдің — бірден кіресің. Ешқандай кідіріс пен артық әуре-сарсаң болмайды. Табиғат аясында тыныш демалып, уақытты жақсы өткізуге, кейін еш кедергісіз кері шығуға болады, — деп атап өтті Руслан Төлепбаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1273579?lang=ru

Жауап қалдыру