ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІНЕ ОРАЙ «JASTAR FEST – 2026» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жетісай қаласында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай жастардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Jastar Fest – 2026» мәдени-көпшілік іс-шарасы ұйымдастырылды.
Жастар мерекесіне арналған кешке Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудан жастары мен тұрғындары, жергілікті өнерпаздар қатысты. Іс-шара барысында аудан әкімі жастарды мерекемен құттықтап, олардың ел дамуы мен қоғам өміріндегі маңызды рөліне тоқталды.
Жетісай – жастары белсенді, өнер мен спортқа, білім мен шығармашылыққа қызығушылығы жоғары аудан. Бүгінде аудан жастары түрлі салада өз қабілеттерін көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Олардың арасында білім бәйгелерінде топ жарып жүргендер де, спортта жеңіс тұғырынан көрінгендер де, кәсіп бастап, еңбекпен өз орнын қалыптастырып жүргендер де бар.
Кеш барысында жергілікті өнерпаздар ән шырқап, жастар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар арасында түрлі қызықты ойындар мен викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, жастар би билеп, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Ал Асан Пердешовтың өнер көрсетуі кештің көркін одан әрі қыздыра түсті.
Аталмыш іс-шара жай ғана мерекелік дата емес, жас ұрпақтың қоғамдағы белсенділігін арттырып, олардың арман-мақсатына қолдау көрсетілген, жастардың қуаты мен жігерін ел игілігіне бағыттаған күн болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1273961?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді