
Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында отбасы институтын нығайту, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының қоғам өміріндегі маңызын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Отбасылық құндылықтар және Конституция» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті.
Байқауға Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласынан отбасылар қатысып, отбасы құндылықтарына деген құрметін, өзара сыйластық пен жауапкершілікті, сондай-ақ азаматтық ұстанымдарын шығармашылық жұмыстар арқылы көрсетті.
Байқау ережесіне сәйкес, қатысушы отбасылар отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында арнайы бейнеролик әзірлеп, өз отбасындағы ұлттық тәрбие, өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, бірлік пен татулық сияқты құндылықтарды танытуы қажет болды. Байқау қатысушылардың ұсынған бейнероликтері негізінде бағаланды.
Меркі ауданынан байқауға Далиевтар отбасы қатысып, аудандық кезеңде үздік нәтиже көрсетіп, облыстық кезеңге жолдама алған болатын.
Облыстық кезеңде Далиевтар отбасы өздерінің байқауға арнайы дайындаған бейнеролигін ұсынып, отбасы құндылықтарын дәріптеуімен, ұлттық тәрбие мен отбасылық бірлікті көрсетуімен ерекшеленді. Нәтижесінде Меркі ауданының атынан қатысқан Далиевтар отбасы І орынға ие болып, облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды.
І орын иегері ретінде Далиевтар отбасы «Отбасылық құндылықтар және Конституция» республикалық байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды.
Бұл – Меркі ауданы үшін үлкен жетістік әрі ауданымыздағы отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен отбасы институтын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1274000?lang=ru

Жауап қалдыру