
Қарағанды облысында бес жаңа балабақша салынып, қосымша білім беру орталықтарының желісі кеңейтіледі. Оның ішінде ауылдық жерлердегі балаларды қосымша біліммен қамтуға да ерекше көңіл бөлінеді. Білім беру инфрақұрылымын дамыту жоспарлары дәстүрлі тамыз конференциясында талқыланды.

Теміртау қаласында 320 орындық балабақша салынады. Құрылыс жұмыстары «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл мәселе бойынша келіссөздер аяқталған. Балқаш қаласында тағы екі мектепке дейінгі білім беру ұйымы бой көтереді.
Қарағандыда да жеке инвесторлар «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында әрқайсысы 280 орынға арналған екі балабақша салып жатыр.

Өңірде мектептердің апаттық жағдайына және үш ауысымды оқыту мәселесіне қатысты түйткілдер де кезең-кезеңімен шешілуде. «Гүлдер» шағын ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қарағандыдағы №44 және №51 апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарын салу жұмыстары жалғасуда. Ал реновация бағдарламасы аясында екі жыл ішінде 51 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.
Облыста мамандандырылған білім беруді дамытуға да басымдық берілуде. «Мұрагер» мектеп-интернатында қосымша жатақхана салынуда. Бұл бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан орын тапшылығы мәселесін жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Нұрмақов атындағы мектепте, «Дарын» мектебінде және «Білім-Инновация» лицейінде кеңейту жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Пәндік кабинеттермен қамту деңгейі 90 пайызға жеткізілді. Ал 220 мектепте робототехника зертханалары жұмыс істейді.
Қосымша білім беру нысандарының желісі де кеңейіп келеді. Биыл Майқұдықта Балалар шығармашылығын дамыту орталығының құрылысы аяқталады. Осыған ұқсас орталықты «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында да ашу жоспарланып отыр.
Ауылдық жерлердегі балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Нұра кентінде Өнер үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан Өнер мектебінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, қосымша біліммен қамтылатын балалар санын арттыруға мүмкіндік береді. Ал Қарқаралыда Оқушылар сарайын салу жұмыстарына кірісу қажет.

Балалардың қала сыртында демалуына да жаңа мүмкіндіктер жасалуда. 1 шілдеден бастап Қарқаралыда киіз үйлерде тұруды көздейтін Qarqaraly Go этнолагері жұмыс істеп келеді. Мұнда әрқайсысы 30 баладан тұратын төрт ауысым ұйымдастырылған. Нұра ауданында тағы бір этнолагерь – NomadNura Next құрылысы аяқталуға жақын.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1274300?lang=ru

Жауап қалдыру