
Қарағанды облысының колледждері кадр даярлаудың кластерлік моделіне көшуде. Білім беру үдерісі нақты салалар мен жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылады. Қазір өңірде құрылыс кластері мен IT-альянс құрылған. Бұл туралы Қарағандыда өткен дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды.

Жаңа жүйеге колледждер, кәсіпорындар, бейінді ұйымдар мен құзыреттілік орталықтары қатысады. Мұндай тәсіл мамандарды салалар мен нақты өндірістердің талаптарына тікелей сай даярлауға мүмкіндік береді.
Бүгінде облыста дуальды оқыту жүйесімен 37 колледж, 464 кәсіпорын және 8 мыңға жуық студент қамтылған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономиканың қажеттіліктері мен жұмысшы кадрларға деген сұранысты ескере отырып қайта қаралуда.

Қарағанды мен Теміртау колледждерінің базасында бейінді құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Мұнда білім беру үдерісі заманауи өндіріс талаптарына барынша жақындатылған.

– Кластерлік тәсіл кадр даярлау мәселесіне кеңірек қарауға мүмкіндік береді. Біз бір міндеттің айналасына колледждерді, жұмыс берушілер мен салалық ұйымдарды біріктіреміз. Осы арқылы студент оқу кезінде-ақ болашақта қай жерде және қандай стандарттар бойынша жұмыс істейтінін түсінеді. Біз үшін басты нәтиже – диплом алу фактісінің өзі емес, түлектің кепілді түрде жұмысқа орналасуы, маманның еңбек нарығында сұранысқа ие болуы және жұмыс орнында орнығуы, – деді Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Мамандарды даярлау сапасы халықаралық және ұлттық бағалау нәтижелері бойынша да сараланады. Облыстың жеті колледжі халықаралық аккредиттеуден өтті. WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионатында өңір құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орын алып, бес алтын және жеті күміс медаль, сондай-ақ кәсіби шеберлік үшін 14 медальон жеңіп алды.
Қарағанды облысының екі студенті WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енді.
Жаңа оқу жылында өңірде жұмыс берушілермен бірлескен жұмысты жалғастырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту және техникалық әрі жұмысшы мамандықтар бойынша даярлықты күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және кластерлік модельді кеңейту көзделген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1274298?lang=ru

Жауап қалдыру