Қазақстанда егін жинау науқаны жоғары өнімділікпен басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биылғы жиым-терім қарсаңында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин күзгі егіс жұмысы бойынша жедел штаб отырысын өткізді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, еліміздің көп өңірінде егін жинау жұмысы жүргізілуде. Жиын-терім науқаны тамыздың үшінші он күндігінде басталады.

Биыл жалпы жиналатын егіс алқабы 24,2 млн гектар болса, оның 15,6 млн гектары дәнді және бұршақты дақыл. Бүгінде 1,9 млн гектар немесе 12,5% алқаптан дәнді дақыл жиналды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, өткен жылы осы кезде 1 млн га немесе 6,1% өнім жиналған. Егін жинаудың ертерек басталуы жаздың әдеттен тыс ыстық болып, дақылдың тез пісуіне байланысты. Бұл ретте дәнді дақылдың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда жоғары: бір жыл бұрынғы 14,8 ц/га-ға қарағанда орта есеппен 16,4 ц/га. 3,2 млн тонна астық жинақталған.

3,4 мың гектардан майлы дақыл жиналып, орташа өнімділік өткен жылғы сәйкес күнге қарағанда, 7,4 ц/га қарсы 10,5 ц/га-ны көрсетті. 3,5 мың тонна жиналды. Ұйымдасқан шаруашылықтарда бір жыл бұрынғы 235,6 ц/га-ға қарағанда орташа өнімділігі 249,2 ц/га болатын 214 мың тонна картоп жиналған. Сондай-ақ 628,6 мың тонна көкөніс пен 506,9 мың тонна бақша дақылы терілді. Жиын-терімге арналған техника дайындау жұмыстары аяқталуда. Оның өңірлердегі дайындығы шамамен 97% болса, науқан басталғанда 100%-ға жетуі тиіс. Жинауға барлығы 130,8 мың трактор, 29 мың астық комбайны, 17 мың орақ пен 130 мың бірлік басқа да техника жұмылдырылады. Оның ішінде шаруалар жеңілдікті лизинг бағдарламасы басталғаннан бері қол жеткізген 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн алқапқа шығады.

Фермерлерге қазірдің өзінде жоспардың 83%-ы болатын 1,9 млн тонна тыңайтқыш жөнелтілді. Өңірлерге егін жинау жұмыстарын жүргізуге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігімен бірлесіп МӨЗ-ге облыстарды бекіту кестесі шілде-қарашаға белгіленген. Негізгі астық егілетін өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған дизель отынының бір литрінің құны 305-310 теңге. Бұл нарықтық бағадан 10%-ға төмен. Бүгінгі таңда өңірлерге 65,8 мың тонна отын жөнелтілді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жеткізілімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін дизель отынының жеке пин-кодтары мен цифрлық таңбасы енгізіліп, сондай-ақ көк, сары және қызыл түспен боялады. Электрондық шот-фактура жүйесінде виртуалды қойма құрылды. МКК-мен бірлесіп, Шымкент мұнай өңдеу зауытында молекулалық таңбалауды енгізу пысықталуда. Дәнді және майлы дақылды кептіруге алдын ала 60 мың тонна сұйытылған газ бөлінген.

Отырыста астық қоймасының дайындығына ерекше назар аударылды. Жалпы сақтау қуаты 30,7 млн тонна болса, ағымдағы жүктеме 2,4 млн тонна (17%). Сонымен қатар Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы өңірлер бойынша қоймалардың орташа жүктемесі төмен болған кезде 40%-дан астам толтырылған жекелеген элеваторлар бар. Алдағы уақытта жаңа жиын-терім басталуын ескере отырып, Серік Жұманғарин әкімдіктерге Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, қоймаларды босату жұмысын тездетуді тапсырды.

«Біз агротехнологияларды сақтаудың нәтиже беретінін көрдік: егін жинау басталған осындай құрғақ жазда да орташа өнімділік 16,4 ц/га-ға жетті. Ал бұрын орташа есеппен 11-12 ц/га болған. Жиын-терім науқаны кезінде уақыт қыспас үшін астық пен майлы дақылды кептіруге қажетті газ бен дизель отыны әзір болуы тиіс. Жылжымалы құрам жеткілікті мөлшерде болып, өнімді сақтайтын астық қоймаларын уақтылы босату қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Вице-премьер сонымен қатар негізгі астық егетін өңір әкімдерінің орынбасарларын тыңдады. Егін жинаудың ертерек басталуына байланысты Ақмола облысы қыркүйекке жоспарланған дизель отыны көлемінің бір бөлігін тамызға ауыстыру туралы өтініш жасады. Энергетика министрлігіне бұл мәселені өңірмен бірге жедел пысықтау тапсырылды. Еліміздегі төрт қант зауыты орналасқан Жамбыл облысы мен Жетісуда қант қызылшасын жинауға дайындық мәселесі де қаралды. Қазіргі уақытта Көксу қант зауытын қуаттылығы тәулігіне 2 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін арттырып, жаңғырту жүргізілуде. Тараз қант зауытында қуаттылығы тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдеу бойынша жаңа желіні іске қосу-баптау жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарды қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қуаттылығы тәулігіне 3 мың тонна Меркі қант зауыты және қуаттылығы 3,5 мың тонна Ақсу қант зауыты штаттық режимде жұмыс істейді. 2027 жылға қарай Ақсу зауытының қуатын тәулігіне 4,5 мың тоннаға, Көксу зауытының қуатын 5 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.

2025 жылы Қазақстанда 171,9 мың тонна қант өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6%-ға артық. 2026 жылғы қаңтар-маусымда 76,9 мың тонна қант өндірілген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1274292?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді