
Мемлекет басшысының отбасы институтын нығайту, ата-ана мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында облыс орталығы – Тараз қаласында Отбасын қолдау орталығының жаңа ғимараты ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде көмек көрсетіп, қажетті қолдауды бір жерден ұсынатын орталықтардың жұмысы маңызды екенін атап өтті.
– Отбасын қолдау орталығының басты міндеті – қиындыққа тап болған азаматтарға уақытылы көмек көрсету және мәселенің ушықпауына жол бермеу. Мұнда тұрғындар әлеуметтік, құқықтық және психологиялық кеңес алып, қажетті көмекті бір жерден ала алады. Ең бастысы – көмекке мұқтаж отбасы өз мәселесімен жалғыз қалмауы керек. Сондықтан орталық мамандарының жұмысына үлкен жауапкершілік жүктеледі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын 2025 жылы бастады. Осы уақыт ішінде мамандар 3 мыңнан астам тұрғынға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес беріп, 1 200 отбасыға кешенді көмек көрсетті.
Орталықта 20 штаттық бірлік қарастырылған, қазіргі таңда 17 маман жұмыс істейді.
Жаңа ғимаратта психолог, заңгер және әлеуметтік қызмет көрсету кабинеттері, ана мен баланы қабылдау бөлмесі, уақытша жатын орын, асхана және мәжіліс залы бар. Бөлмелердің барлығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1274646?lang=kk

Жауап қалдыру