Ақтөбеде жаңа кәріздік тазарту кешенінің құрылысы басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Жаңа кәріздік тазарту қондырғысы 45 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан қолданыстағы станцияның орнын алмастырады. Жобаны іске асыру кәріз жүйесінің тозған инфрақұрылымын жаңартуға, орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған халық үлесін арттыруға және қаланың болашақ дамуына қажетті қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы жаңа кәріздік тазарту станциясының құрылыс алаңына барды. Ол жоба және болашақ нысанның технологиялық шешімдерімен танысты.

Қолданыстағы кәріз тазарту кешені 1981 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде оның тозу деңгейі шамамен 70%-ды құрайды. Тәулігіне келіп түсетін ағынды судың орташа көлемі 70–80 мың текше метр болса, су тасқыны кезеңінде бұл көрсеткіш 95 мың текше метрге дейін жетеді. Қазіргі таңда Ақтөбе халқының шамамен 62%-ы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған.

Жаңа КТҚ тәулігіне 100 мың текше метр ағынды суды тазартуға қауқарлы. Ал ең жоғары жүктеме кезінде оның өнімділігі 130 мың текше метрге дейін жетеді. Құрылысты 2028 жылдың мамырында аяқтау жоспарлануда. Жобаның жалпы құны шамамен 43 млрд теңге.

«Aqtobe su-energy group» АҚ бас директоры Нағымжан Алдияровтың айтуынша, жаңа станцияның басты ерекшелігі – төрт деңгейлі тазарту жүйесінің енгізілуі. Технологиялық үдеріске механикалық және биологиялық тазарту, ультракүлгін сәулемен залалсыздандыру, сондай-ақ биогаз өндіру арқылы тұнбаны өңдеу кіреді. Тұнбаны кептіріп, түйіршіктерге айналдыру, ал биогазды электр энергиясын өндіруге пайдалану жоспарланған.

«Жаңа кешеннің құрылысы – бұл қаланың дамуымен қатар, экологиялық және санитариялық қауіпсіздікке байланысты қажеттілік. Жобаны қаржыландыру мемлекеттік кепілдікпен Еуропалық қайта құру және даму банкінің несие қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындарының 90%-ына дейін республикалық бюджет, ал кемінде 10%-ы жергілікті бюджеттен қамтамасыз етіледі. Яғни, барлық қаржылық жүктеме тұрғындардың мойнына артылмайды. Жаңа станция тәулігіне 130 мың текше метрге дейін ағынды суды өңдей алады. Бұл қала үшін ұзақмерзімді перспективаға қажетті қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында қолданыстағы инфрақұрылым бойынша да жұмыстар қарастырылған. Атап айтқанда, тазартылған суды бұруға арналған екі құбырды санациялау және герметизациялау жоспарлануда», – деді өңір басшысы.

Нысанда жұмыстар басталып кетті. Құрылыс алаңына мердігер ұйымның мамандары жұмылдырылған. Жұмыстар ауқымы кеңейген сайын жұмысшылар санын 350 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Жаңа КТҚ пайдалануға берілгеннен кейін тазартылған суды балық шаруашылығы мақсатында пайдалануға немесе белгіленген экологиялық талаптар сақталып, қажетті жобалық құжаттама болған жағдайда су нысанына ағызуға болады.

Қолданыстағы тазарту қондырғылары жаңа станция іске қосылғанға дейін жұмысын жалғастырады. Одан кейін қазіргі КТҚ одан әрі пайдалану жағдайы және оны реконструкциялау қажеттілігі айқындалады.

Жобаны іске асыру қаланың су бұру жүйесіндегі маңызды нысанды жаңғырту, ағынды суларды тазарту сапасын арттыру және Ақтөбенің одан әрі дамуына мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1274710?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді