
Елордада шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылған ірі білім беру жобасы – халықаралық SABIS мектебінің ашылу рәсімі өтті.
Жоба Абу-Даби Тақ мұрагерінің Қазақстанға сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асырылып, білім беру мен адами капиталды дамытуға инвестиция тартудың жарқын үлгісіне айналды.
Ашылу салтанатына мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар, мектеп басшылығы, педагогтер, ата-аналар мен оқушылар жиналды.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінен Аппарат басшысы Радик Мамбетов қатысты.
Жоба іске асырылуының барлық кезеңінде прокуратура органдарының сүйемелдеуімен жүзеге асырылды.
Құрылыс барысында инвестор бірқатар әкімшілік мәселелерге тап болып, олар прокурорлардың жәрдемімен жедел шешімін тапты.
Атап айтқанда, су қорғау аймағын айқындауға байланысты кедергілер жойылып, нысанды пайдалануға беру кезінде де қолдау көрсетілді.
Жобаның соңғы кезеңінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті инвестор, Астана қаласының әкімдігі және қалалық Полиция департаменті арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етті. Нәтижесінде мектепке апаратын уақытша кіреберіс жолды салу сызбасы келісіліп, оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз жағдай жасалып, нысан жаңа оқу жылының алдында ашылды.
SABIS мектебі халықаралық білім беру стандарттары бойынша оқыту қызметін ұсынады. SABIS желісі әлемнің 20 елінде жұмыс істейді, 132 мектепті біріктіреді және 70 мыңнан астам оқушыны оқытады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 1 000 оқушыға арналған мектеп орны, 250 орындық балабақша және шамамен 200 жаңа жұмыс орны құрылады. Кешен инфрақұрылымына жартылай олимпиадалық бассейні бар жабық спорт кешені, мұғалімдер мен оқушыларға арналған жатақхана, сондай-ақ заманауи білім беру кеңістіктері кіреді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инвесторлардың құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kzpi/press/news/details/1274696?lang=ru

Жауап қалдыру