
Атырау облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Ғабдушев Атырау облысы білім басқармасы басшысы М.Абуов, Атырау облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департамент басшысы Б.Таишев, Құрманғазы аудандық білім бөлім басшысы Ж.Жанканов және Жылыой аудандық білім бөлім басшысы А.Абдоловпен бірге «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің оқушыларды қабылдауға дайындығымен танысты.
🏫 Сапар барысында Нұрлан Ғабдушев әрқайсынан 900 оқушыға арналған Құрманғазы ауданы білім бөлімінің «Аққөл орта мектебі» және «Ломоносов орта мектебі» , Құлсары қаласындағы «№26 жалпы орта білім беретін мектеп» білім беру ұйымындарын аралап дайындық жұмыстарын қарады. Қазіргі таңда барлық нысандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған, мектептер оқушыларды қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Мектептерде заманауи білім беру үдерісін ұйымдастыруға қажетті жағдайлар жасалған. Қыздар мен ұлдарға арналған еңбекке баулу кабинеттері, алғашқы әскери және технологиялық даярлық кабинеттері, STEM-зертханалар, кітапханалар, акт залы мен спорт залдары қарастырылған. Спорттық инфрақұрылым бастауыш, негізгі орта және жоғары сынып оқушыларының оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
🔹 Кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін білім беру ортасының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мектепте лифт және арнайы санитариялық бөлмелер қарастырылған.
Мектептердің оқу үдерісіне дайындығымен танысу барысында Нұрлан Ғабдушев оқу кабинеттері мен инфрақұрылымның жай-күйін, қажетті жабдықтардың бар-жоғын және дайындығын, сондай-ақ бейнебақылау жүйесі мен серверлік жабдықтардың жұмысын тексерді.
🌐 Сонымен қатар, нысандарды аралау барысында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мектептердің техникалық жарақтандырылуы және цифрлық инфрақұрылымының жаңа оқу жылына дайындығы мәселелері қаралды.
Сапар қорытындысы бойынша Комитет өкілі нысандардың оқушыларды қабылдауға дайындығын бағалап, мектептердің сапа және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control-atyrau/press/news/details/1275382?lang=ru

Жауап қалдыру