МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫ: ЖАҢА БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Бүгінде негізгі назар заң бұзушылықтардың алдын алуға және медициналық ұйымдардың қызметіндегі тәуекелдерді уақытылы анықтауға аударылып отыр.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, ақпараттық жүйеде медициналық ұйымдардың қызметін 60 негізгі көрсеткіш бойынша бағалау тетігі қалыптастырылуда.

Қазіргі таңда оның бесеуі іске қосылды: лицензияның болуы, лицензиялық талаптарға сәйкестік, қажетті жабдықтың болуы, тиісті сертификаты бар маманның болуы және кадрлармен жеткілікті қамтамасыз етілуі.

Алдағы уақытта медициналық көмек көрсетуге тікелей қатысты көрсеткіштер де ескерілетін болады. Олардың қатарында клиникалық көрсеткіштер, ана өлімі, вакцинациямен қамту және басқа да өлшемдер бар.

Жүйе қосымша бақылауды қажет ететін медициналық ұйымдарды анықтауға мүмкіндік береді. Сарапшы қандай бағыттарда мәселелер бар екенін көріп, оларды жою бойынша медициналық ұйымға ұсынымдар бере алады.

Процедуралық кабинеттерді тексеру

Еліміз бойынша шамамен 1900 процедуралық кабинет анықталды. Олардың 400-ге жуығы қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген.

Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін шамамен 200 кабинет өз қызметін ерікті түрде тоқтатты. Қалғандары бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.

Тексеру барысында санитариялық талаптардың бұзылуы, тіркелмеген дәрілік заттарды пайдалану және белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайларда жұмыс істеу фактілері де анықталды.

Бұл ретте Комитет төрағасы бақылаудың мақсаты тек заң бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейтінін атап өтті. Пациенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін жағдайларға жол бермеу маңызды.

Стоматологиялық ұйымдарды тексеру

Биыл Комитет шамамен 600 стоматологиялық ұйымды тексерді. Тексеру нәтижесінде 105 клиника қызметін ерікті түрде тоқтатып, лицензияларын қайтарды.

Бірқатар ұйымдарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Жалпы сомасы шамамен 100 млн теңгеден асатын 500 айыппұл салынды. 30-ға жуық субъекті бойынша материалдар сотта қаралуда.

Анықталған бұзушылықтардың қатарында лицензиялық талаптарға сәйкес келмеу, стоматологиялық көмек көрсету стандарттарын бұзу, тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды пайдалану фактілері бар.

Медициналық көмектің сапасына қатысты мәселені тек тексерулер арқылы шешу мүмкін емес. Медицина ұйымдарындағы ішкі сапа бақылауын, өзін-өзі бағалауды және профилактикалық жұмысты дамыту қажет.

Бақылаудағы цифрлық құралдар

Бүгінде ақпараттық жүйелер арқылы медициналық ұйымдардың қызметі, лицензиялары, мамандары, жабдықтары және басқа да көрсеткіштері туралы мәлімет алуға болады. Бұл шағым түскенге немесе тексеру жүргізілгенге дейін ықтимал тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді.

Цифрландыру бақылау рәсімдерін барынша ашық жүргізуге және адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бақылау рәсімдерінде ақпараттық жүйелерді пайдалану кеңейтіледі.

«Біздің басты міндетіміз шағым түскеннен кейін әрекет ету емес, алдын ала жұмыс жүргізу, яғни профилактикамен айналысу», – дейді Бауыржан Жүсіпов.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы Бауыржан Жүсіповтің осы бағыттағы сұхбатын мына сылтеме арқылы оқи аласыздар: https://tengrinews.kz/tengri-health/article/400-protsedurnyih-kabinetov-105-zakryityih-stomatologiy-4348/ 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kmfk/press/news/details/1275179?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді