
Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Жыл басынан бері өңірде 60 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылып, 30 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасты.
Бүгінде жаңа жұмыс орындарын ашуда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және инфрақұрылым негізгі бағыттардың қатарында. Өңірде инвестициялық жобаларды іске қосу және өндіріс орындарын көбейту арқылы тұрақты жұмыс орындарын арттыруға мән берілуде. Мәселен, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Басқосуда жұмыспен қамту картасының орындалуы, тұрғындарды нәтижелі еңбекке тарту, әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі және еңбек нарығындағы ахуал қаралды. Сонымен қатар азаматтарды бос жұмыс орындарына сапалы орналастыру, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Басты мақсат – тұрғындарды тұрақты табыс әкелетін жұмысқа орналастыру. Осы бағытта жаңа өндірістерді іске қосу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылы еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейту көзделіп отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1275431?lang=kk

Жауап қалдыру