Қазақстанда майлы дақылдардың егіс алқабы 30% ұлғайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңірлерде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылы майлы дақылдар 5 млн 179 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30%-ға жоғары.

Әсіресе, негізгі майлы дақыл саналатын күнбағыс бойынша елеулі өсім байқалады.

Биыл бұл дақыл 2,2 млн гектар жерге егіліп, рекордтық деңгейге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. Осылайша, соңғы бес жылда күнбағыстың егіс алқабы тұрақты өсіп, 2021 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге ұлғайды.

Негізінен Павлодар, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Бұл өңірлер егіс алқаптарының жалпы өсімінің 90%-ын қамтамасыз етті.

Басқа да майлы дақылдардың, атап айтқанда, зығыр, рапс және мақсарының егіс көлемі де ұлғайтылды.

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, егіс алқаптарының ұлғаюына отандық өңдеу кәсіпорындарының майлы шикізатқа деген жоғары сұранысы, сондай-ақ өсімдік майы мен май өнімдерін өткізудің экспорттық нарықтарының кеңеюі себеп болып отыр.

Ағымдағы маусымда қазақстандық өсімдік майы мен май өнімдері 23 елге экспортталуда.

Осының барлығы, Қазақстандағы өсімдік шаруашылығын әртараптандыру үдерісінің үздіксіз қолға алынып жатқанын және ауыл шаруашылығы саласы өндірісінде аталған дақылдар тобының маңыздылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеу қуаттылығы жылына 5,2 млн тоннадан асады. Оның ішінде 4,4 млн тоннасы күнбағысқа тиесілі. Сонымен қатар 2026–2028 жылдары Қазақстанда жалпы қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан астам майлы дақылды өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа май өңдеу кәсіпорындарын салу бойынша ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1275209?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді