
Ақтөбеде қаланың ескі бөлігінің 65 пайызын жылумен қамтитын жылу желісі жаңғыртылуда
Ақтөбеде жылу беру маусымына дайындық аясында жылу желілерін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаланың бірқатар учаскесінде әбден тозған құбырлар алынып, орнына жаңалары тартылуда. Облыс әкімі Асхат Шахаров Қарасай батыр көшесіндегі жұмыстардың барысын бағамдады.
Қарасай батыр көшесінің Жүргенов көшесінен Жанқожа батыр көшесіне дейінгі аралығында ұзындығы 400 метр жылу желісі қайта жаңғыртылуда. Қолданыстағы диаметрі 530 миллиметр құбырдың орнына диаметрі 630 миллиметр жаңа құбыр тартылып отыр. Бұл желінің өткізу мүмкіндігін және жылумен қамтудың тұрақтылығын арттырып, қамтамасыз етеді.
Қазір ескі құбырларды алу жұмыстары толық аяқталып, жаңа құбырлар орнатылды. Жұмыстың соңғы кезеңінде жылу желісі өтетін арна жасалып жатыр. Нысанда 21 маман мен 16 арнайы техника жұмыс істеуде.
Бұл учаскедегі жылу желісі 1967 жылы салынған. Соңғы рет 2007 жылы жөнделіпті. Жаңғырту жұмыстарына 366,7 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалады. Жұмыстарды кәсіпорын өз күшімен жүргізіп жатыр. Нысанды 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Облыс әкімі жауапты қызметтерге жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау және жылумен қамту нысандарындағы жөндеу жұмыстарының созылып кетуіне жол бермеуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-energy/press/news/details/1275774?lang=ru

Жауап қалдыру