
Астанада қоғамдық орындарда адамның бетін тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты заңнама талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Әңгіме адамның бет-жүзін толық жабу немесе оның сыртқы келбетін көзбен тануды едәуір қиындататын жағдайлар туралы болып отыр. Бұл ретте белгілі бір киім түрлеріне немесе бас киімдерге тыйым салу туралы сөз болып отырған жоқ.
Заңнамада бірқатар ерекшеліктер көзделген. Бетті жабуға қойылатын талаптар қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауға, медициналық көрсетілімдерге, азаматтық қорғауға, ауа райы жағдайларына, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайларда қолданылмайды.
Алғаш рет талап бұзылған жағдайда ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда полиция қызметкерлері мән-жайды анықтап, заңда көзделген ерекшеліктердің бар-жоғын тексереді. Әрбір жағдай жеке қарастырылады.
Полицияның негізгі міндеті — құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Астана полициясы азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға және заңда көзделген негіздер болған жағдайда бұл туралы полиция қызметкерлеріне хабарлауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1275494?lang=ru

Жауап қалдыру