БҚО-да мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мал азығын дайындау жұмыстары туралы» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг барысында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы Халиуллин 2026–2027 жылдардағы мал қыстағына дайындық, мал азығын дайындау барысы және өңірдегі жем-шөп базасын нығайту жұмыстары туралы баяндады.

Алдағы мал қыстағына облыс бойынша 1 млн 247 мың шартты мал басын кіргізу жоспарланып отыр. Оларды қажетті мал азығымен қамтамасыз ету үшін 2 млн 298 мың тонна шөп, 271 мың тонна жем, сондай-ақ қосымша мал азығы ретінде 14,8 мың тонна сүрлем және 11,6 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланған. Бұдан бөлек, өткен жылдан қалған 141,5 мың тонна шөп қоры бар.

Бүгінгі таңда облыста 4,2 млн гектар шабындық шабылып, орташа өнімділік 4,6 ц/га құрады. Нәтижесінде 1 млн 920 мың тонна шөп дайындалды. Бұл белгіленген жоспардың 83,6%-ын құрайды. Өткен жылдан қалған қорды қоса есептегенде, облыста барлығы 2 млн 62 мың тонна шөп дайындалып, жалпы қажеттіліктің 90%-ы қамтамасыз етілді.

Мал азығын дайындау жұмыстарына облыс бойынша 4 371 бірлік шөп шабу техникасы қатысуда. Бөрлі, Тасқала және Теректі аудандарында жұмыстар 100%-ға жуық орындалса, Казталов, Қаратөбе, Сырым және Шыңғырлау аудандарында шөпке деген қажеттіліктің 90%-ға дейінгі көлемі дайындалды. Қалған аудандарда да жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Шөп дайындау жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл шөп шығымы соңғы төрт-бес жылмен салыстырғанда өте жақсы. Осыған байланысты облыс басшылығы тарапынан мал азығының бір жарым жылдық қорын қалыптастыру жөнінде тапсырма берілді. Сондықтан шөп шабу жұмыстары жалғасуда. Агроқұрылым басшыларына қосымша мал азығын дайындаудың қажеттілігі түсіндірілуде.

Сонымен қатар, облыста 15 шілдеден бастап пішендеме дайындау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 6,8 мың тонна пішендеме және 30 мың тонна жем дайындалды. Сүрлем дайындау жұмыстары да басталып, бүгінгі таңда 1 мың тонна сүрлем дайындалды.

Өңірдегі жем-шөп нарығындағы жағдай туралы да брифинг барысында айтылды. Салмағы 250 килограмм табиғи және екпе шөптің бір рулоны 4–12 мың теңге аралығында сатылуда. Жемнің бағасы дақыл түріне байланысты тоннасына 50–100 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта нарықтағы жем көлемі жеткілікті. Жем сатушылар туралы ақпарат аудандарға тұрақты түрде жеткізіліп отырады.

Мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылуда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 10,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 8,4 мың тоннасы егіс жұмыстарын жүргізуге, қалған 2,1 мың тоннасы мал азығын дайындау жұмыстарына пайдаланылды.

Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 11,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары операторға 10,7 мың тонна дизель отынын алу үшін өтінім берген.

Брифинг барысында облыста мал азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріліп отырғаны атап өтілді.

2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары барысында облыста мал азықтық дақылдар 215,3 мың гектар алқапқа егілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 203,9 мың гектарды құраған. Осылайша, мал азықтық дақылдардың егіс көлемі бір жыл ішінде 11,4 мың гектарға немесе 5,6%-ға артты.

Оның ішінде 50,2 мың гектарға біржылдық шөптер, 2,3 мың гектарға сүрлемдік дақылдар, 13,3 мың гектарға көпжылдық шөптер егілді. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптердің көлемі 147,5 мың гектарды құрайды.

Өңірдің оңтүстік аудандарында мал шаруашылығы климаттық өзгерістер мен ауа райының құбылмалылығына тәуелді. Осыған байланысты табиғи шабындықтарға ғана сүйенбей, екпе шөптерді өсіру арқылы тұрақты мал азығы базасын қалыптастыруға басымдық берілуде.

Атап айтқанда, Ақжайық, Бөкей Ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Казталов аудандарында мал азықтық дақылдардың егіс көлемі ұлғайған. 2025 жылы аталған аудандарда бұл көрсеткіш 9 624 гектарды құраса, биыл 11 108 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,4%-ға жоғары.

Сондай-ақ облыста суармалы мал азығын өндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірдегі суармалы жерлердің жалпы көлемі 13 193 гектарды құрайды. Оның 5 862 гектарына немесе 44,4%-ына мал азықтық дақылдар егілген. Оның ішінде судан шөбі – 3 162 гектар, жоңышқа – 1 189 гектар, жүгері – 1 511 гектар.

2025–2026 жылдары облыстың 11 ауыл шаруашылығы құрылымы жалпы көлемі 2 857 гектар мал азықтық дақылдардың суармалы алқаптарын айналымға енгізу мақсатында 4,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.

Бұдан бөлек, облыс аумағындағы 34 мың гектар лимандық шабындықтарға су шығарылды. Лимандық шабындықтардың өнімділігі гектарына 7–14 центнерді құрап отыр.

Брифинг барысында биылғы егін жинау науқанының барысы да айтылды. Қазіргі уақытта облыста егіс алқаптарының 60%-ы немесе 171 мың гектары орылып, 417 мың тонна астық бастырылды. Өткен жылы осы кезеңде 308 мың тонна астық жиналған болатын.

Мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Негізгі міндет – алдағы мал қыстағына қажетті мал азығын толық көлемде дайындап, мал шаруашылығының тұрақты жұмыс істеуіне қажетті қор қалыптастыру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-auyl/press/news/details/1276229?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді