Маңғыстау облыстық мәслихатының сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

17 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XXIX сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, мемлекеттік орган басшылары және мәслихат депутаттары қатысты.

Сессия барысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, облыстық бюджетке өзгерістер енгізу және бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.

Облыс әкімі өз есебінде өңір экономикасында оң динамика сақталғанын атап өтті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 138,9%-ды, құрылыс жұмыстары 111,8%-ды, көлік және логистика саласы 108,5%-ды құрады. Жалпы өнеркәсіп, инвестиция, ауыл шаруашылығы, сауда және тұрғын үй құрылысы бағыттарында да өсім байқалады.

Нұрдәулет Қилыбай экономиканы әртараптандыруды негізгі басымдық ретінде атап, Маңғыстауды мұнайға тәуелді өңірден заманауи өндірістік, логистикалық және сервистік хабқа айналдыру мақсаты қойылғанын айтты. Бүгінде өңірде жалпы құны 7,1 трлн теңгені құрайтын 59 ірі инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлер алдына экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру міндеттерін қойып отыр. Бұл Маңғыстау үшін аса маңызды. Біз қол жеткізген көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, өңір экономикасының жаңа негізін қалыптастыруымыз қажет. Ал атқарылған жұмыстың басты өлшемі – халық үшін нақты нәтиже болуға тиіс», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Әлеуметтік салада білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде. 2030 жылға дейін қосымша 9 400 орындық 7 мектеп салу жоспарланған. Ақтауда 350 төсек-орындық жаңа облыстық көпбейінді балалар ауруханасын салу жобасы әзірленуде. Жыл соңына дейін 30 бірлік жоғары технологиялық медициналық жабдық сатып алу көзделген.

Инженерлік инфрақұрылым бойынша ауыз су мәселесін шешу бағытында маңызды жобалар іске асырылуда. Ақтауда су өндіру қуаты тәулігіне 83 мың текше метрге жеткізілді. Жаңаөзендегі су тапшылығын жою үшін «Кендірлі» су тұщыту нысаны іске қосылды. Сонымен қатар Ақтау қаласының су, кәріз және жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Өңірдің логистикалық және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобалар да жүзеге асырылуда. «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысы басталды, Қарақия ауданында жаңа теңіз портын салу және Ақтау әуежайы базасында мультимодальды авиациялық-логистикалық хаб құру жобалары іске асырылуда. Кендірлі әуежайының құрылысы жалғасып жатыр. Жаңа әуежай өңірдегі туризмді, бизнесті және көлік қатынасын дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Сессияда апатты тұрғын үйлер, жұмыспен қамту, үш ауысымды мектептер, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау және жылу инфрақұрылымын жаңғырту сияқты өзекті мәселелер де көтерілді.

Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1275493?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді