
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі А.А. Бижанованың төрағалығымен бейнеконференцбайланыс режимінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағымдағы жағдай, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүргізілген халық арасындағы әлеуметтанулық сауалнама нәтижелері туралы баяндамамен ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Б.А. Танабергенов сөз сөйледі.
Отырыс барысында салалық мемлекеттік органдардың өкілдері көрсетілетін қызметтердің сапасына және азаматтардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін мәселелер кешенін, сондай-ақ қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Атап айтқанда, байланыс және телекоммуникация саласында мобильді байланыс пен ғаламтор сапасын арттыру жөніндегі шаралар, сондай-ақ тарифтік жоспарларды өзгерту және абоненттік төлемді есептен шығару тәртібі мәселелері қаралды;
Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтердің сапасын арттыру, санитариялық талаптарды және медицина персоналының кәсіби этикасын сақтау жолдары талқыланды;
Коммуналдық қызметтер тарифтерін қалыптастыру мен есептеулердің ашықтығы, есепке алу аспаптарын тексеру, электр және газбен жабдықтаудың сенімділігі, сондай-ақ МИБ мен ПИК қызметі мәселелері бөлек қозғалды;
Оқыту курстары мен білім беру орталықтарының қызметін реттеу тәсілдері, соның ішінде қаражатты қайтару шарттарының ашықтығы мен кәсіби стандартты әзірлеу ұсынылды;
Отырысты қорытындылай келе, Төрағалық етуші А.А. Бижанова жекелеген шағымдармен ғана шектелмей, қайталанатын бұзушылықтардың түпкі себептерін жүйелі түрде жоюға көшу қажеттігін атап өтті.
Отырыс нәтижелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға түсетін өтініштерге терең талдау жүргізу, жетекшілік ететін салалардағы қиындықтарды шешудің тиімді тетіктерін әзірлеу және көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылды.
ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне ұсынымдардың орындалуына мониторингті қамтамасыз ету және алынған нәтижелерді Қазақстан Республикасының Үкіметіне жыл сайынғы баяндаманы дайындау кезінде ескеру тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-kzpp/press/news/details/1276164?lang=ru

Жауап қалдыру