Шақа орта мектебіне – 75 жыл

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Биыл Шақа орта мектебі үшін ерекше әрі айтулы жыл. Білім ордасының құрылғанына 75 жыл толып, мерейтойлық кездесу жоғары деңгейде аталып өтті.

Мерекелік шараға әр жылдардағы мектеп түлектері, ардагер ұстаздар, мектептің алғашқы директорлары, ата-аналар мен ұстаздар қатысты. Салтанатты жиынның арнайы қонағы аудан әкімінің орынбасары М. Абулова болып, мектеп ұжымын, ардагер ұстаздар мен түлектерді айтулы мерейтоймен құттықтап, білім ордасының ауданның білім саласына қосқан үлесін атап өтті.

Ширек ғасыр емес, тұтас 75 жылдық тарихы бар мектеп талай буынға білім мен тәрбие беріп, сан мыңдаған шәкірттің үлкен өмірге қанат қағуына жол ашты. Мектеп қабырғасында білім алған түлектер бүгінде еліміздің түрлі салаларында еңбек етіп, өздерінің жетістіктерімен туған мектебінің абыройын асқақтатып келеді.

Мерейтой қарсаңында мектеп түлектері өздерінің алтын ұяларына деген құрметтері мен алғыстарын игі істерімен көрсетті. Олар мектепке 5 миллион теңгеден астам қаржыға естелік сыйлықтар жасады. Атап айтқанда, акт залына сенсорлық панельдер, орындықтар, портьерлер және басқа да қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді. Бұл — түлектердің туған мектебіне деген ыстық ықыласы мен жанашырлығының айқын көрінісі.

Мерейтойдың ең маңызды әрі әсерлі сәттерінің бірі — осы мектепте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, білім беру саласының дамуына зор үлес қосқан ұстаздардың құрметіне екі кабинеттің ашылуы болды.

Игі бастама — ұстаз еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған аяулы ұстаздардың есімін ұлықтау — кейінгі ұрпаққа өнеге. Енді бұл кабинеттерде білім алатын оқушылар өз мектебінің тарихымен танысып, ұлағатты ұстаздардың өмір жолы мен еңбегінен тағылым алады.

75 жылдық мерейтой — мектеп тарихын саралап, өткенді еске алып, бүгінгі жетістіктерге қуанып, болашаққа жаңа мақсаттармен қадам басатын ерекше белес болды. Бұл күні мектеп түлектері мен ұстаздар қауымы бас қосып, сағынысып көрісіп, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Шақа орта мектебінің 75 жылдық тарихы — талай буын ұстаз бен шәкірттің еңбегімен жазылған тағылымды шежіре. Ал бұл тарихтың жалғасы бүгінгі ұстаздар мен оқушылардың қолында.

Мектептің мерейі үстем болып, білім ордасынан ел болашағына қызмет ететін білімді де білікті, отансүйгіш азаматтар көптеп түлей берсін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqquly-bilim/press/news/details/1275592?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді