
lАстанада alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында гуманоидты робототехника мен Embodied AI бағыттарын дамытуға арналған QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 өтті. Форумның басты нәтижелерінің бірі Astana Innovations, QAZBOT Technologies және AgiBot арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылуы болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Форум технологиялық индустрия, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараның ұйымдастырушысы QAZBOT Technologies болса, негізгі халықаралық қатысушы ретінде AgiBot компаниясы қатысты.
Форум бағдарламасы аясында Қазақстандағы Robotics & AI саласының даму перспективалары, робототехникалық жүйелерді жергіліктендіру, R&D бағытын, бағдарламалық қамтамасыз ету мен AI-модельдерді дамыту, сондай-ақ технологияларды нақты процестерге енгізудің практикалық тетіктері талқыланды.
Робототехника саласын дамытудың халықаралық тәжірибесі мен негізгі үрдістері туралы AgiBot операциялық директоры Цзян Цинсун баяндады. Форумның негізгі пікірталас алаңы «AI & Robotics: болашақ экономикасын қалыптастыру» тақырыбындағы пленарлық сессия болды. Сонымен қатар бизнес пен мемлекеттік сектор өкілдерінің қатысуымен B2B-кездесулер өтті.
Қол қойылған меморандум робототехникалық және AI-шешімдерді әзірлеу, бейімдеу, сынақтан өткізу, пилоттық режимде енгізу және одан әрі масштабтау бағыттарындағы стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі тетіктерін айқындайды.
«Бүгінде жаңа технологияларды таныстырумен ғана шектелмей, оларды нақты міндеттерді шешуге бағыттау маңызды. Қол қойылған меморандум AgiBot-тың халықаралық сараптамасын, QAZBOT-тың технологиялық құзыреттерін және Астананың қалалық инфрақұрылым мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстыруға жол ашады. Біздің міндетіміз – нақты жағдайда сынақтан өткізуге болатын перспективалы шешімдерді анықтап, оларды практикалық қолданысқа дейін жеткізу және осы негізде Robotics & AI саласындағы отандық құзыреттерді қалыптастыру», – деді «Астана Innovations» АҚ Басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.
Тараптар робототехникалық және AI-шешімдерді қалалық инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика, медицина, білім беру және сервистік қызметтерге енгізу бағытындағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр. R&D бағытын дамытуға, инженерлік тәжірибе мен сараптамамен алмасуға, білікті мамандар даярлауға және технологияларды жергіліктендіру мүмкіндіктерін зерделеуге ерекше назар аударылады.
Бұл әріптестік Астанаға озық робототехникалық шешімдерді нақты жағдайда сынақтан өткізуге, жергілікті инженерлік базаны нығайтуға және Қазақстандағы Robotics & AI индустриясының одан әрі дамуына қажетті технологиялық құзыреттерді қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер береді.
Айта кетейік, AgiBot – гуманоидты роботтар мен Embodied AI технологиялары негізіндегі шешімдерді әзірлеуге маманданған халықаралық технологиялық компания.
QAZBOT Technologies – робототехника мен AI-шешімдерді дамытуға, сондай-ақ оларды Қазақстанда жергіліктендіруге бағытталған қазақстандық технологиялық компания.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1276917?lang=ru

Жауап қалдыру