Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ақмола облысында егін науқаны және агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру жұмыстарымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барып, өңірдегі егін жинау науқаны барысымен, техникалық және инфрақұрылымдық дайындық, мал шаруашылығын дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру және агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарымен танысты.

Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 5,6 млн гектар алқапқа егілді.

Оның 4,5 млн гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Өндірісті кезең-кезеңімен әртараптандыру аясында майлы дақылдардың егіс алқабы 838 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Бүгінгі таңда дәнді дақылдар 800 мың гектардан астам алқаптан жиналды.

Осы ретте астықтың сапасына және оның экспорттық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылуда.

Өңірдегі өнімнің 40%-ы ақуызы мен дән маңызы жоғары бидайға қойылатын Hi-Pro стандартына сәйкес келеді.

Жекелеген аудандарда дән маңызы мөлшері 40%-ға дейін жетеді.

Бұл астықтың жоғары сапалы екенін және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Жаңа өнімді қабылдауға 67 астық қабылдау кәсіпорны мен жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тоннаны құрайтын 1,5 мыңға жуық қойма дайын тұр.

Саланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі – цифрлық трансформация.

Қазірдің өзінде облыста 5,6 млн гектар жер цифрландырылды, 49 смарт-ферма жұмыс істейді, ал 120-дан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны заманауи IT-шешімдерді енгізуде.

Бүгінде цифрландыру аграрлық өндірісті күнделікті басқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл жер ресурстарын бақылау мен егістіктердің жай-күйін мониторингтеуден бастап, ауыл шаруашылығы техникасын, мал басын және өндірістік процестерді басқаруға дейінгі жұмыстарды қамтиды.

Вице-министр «Журавлевка-1» серіктестігінің өндірістік үдерістерді ұйымдастыру жұмысымен танысты.

Өңірдегі көпсалалы шаруашылықта өндірістік процестердің едәуір бөлігі заманауи цифрлық технологияларға көшірілген. GPS-навигация, агродрондар, спутниктік мониторинг және басқа да шешімдер жер және материалдық ресурстарды тиімді пайдалануға, егістіктердің жай-күйін бақылауға және еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады.

Сондай-ақ Аманғали Бердалин «Еңбек» серіктестігінің 300 басқа арналған смарт-фермасына барды.

Мұнда сауу процестері толық автоматтандырылған.

3D камералар және жоғары дәлдіктегі сенсорлармен жабдықталған робот-сауыншылар адамның барынша аз қатысуымен мал сауу жұмысын жүзеге асырып, бір мезгілде сауу процесінің өлшемдері мен малдың жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында малға қолайлы микроклимат қалыптасқан.

Цифрлық технологиялар органикалық егіншілікті дамыту бағыттарымен ұштастырыла қолданылуда.

Вице-министр «Burabay Milk» серіктестігінің жобаларымен де танысты. Баянбай ауылында компания 1 440 жемшөптік мал басына арналған сүт-тауарлы фермасын салу жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде Германиядан голштин тұқымды 330 бас сиыр әкелінді.

Щучинск қаласында компания тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін заманауи сүт зауытын салуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары былтыр қараша айында басталды.

Технологиялық жабдықтарды жеткізу бойынша Shugao және Fibosa компанияларымен келісімшарттар жасалды.

Бұл жобаларды іске асыру сүттен бастап оны терең өңдеуге және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастырады.

Сондай-ақ вице-министр Ақмола облысының 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жиналған арнайы кеңеске қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы агроөнеркәсіптік кешенде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелеріне қатысты болды.

Іс-шара барысында заңнама талаптарын сақтау, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын қамтамасыз ету, жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру, нарыққа қатысушылардың жауапкершілігі және аграрлық өндірісті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1276810?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді