Елорда прокуратурасы алаяқтардың кең тараған тәсілдері мен олардан қорғану жолдарын түсіндірді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгінде алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін, жалған сайттар мен қосымшаларды, жасанды интеллект технологияларын және психологиялық қысымды белсенді қолдануда. Ақшаңызды иемдену үшін оларға кейде SMS-код, банк картасының деректері, жеке мәліметтер немесе мобильді құрылғыға қолжетімділік жеткілікті. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Талант Қалиев жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, кең таралған тәсілдердің бірі банк қызметкері ретінде қоңырау шалудан басталады. Алаяқ азаматқа оның атына несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын немесе шотында күмәнді операция анықталғанын хабарлайды. Кейін әңгімеге өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған адам қосылып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.

Банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ақшаны «сақтап қалу» үшін оны белгісіз шоттарға аударуды талап етпейді.

Алаяқтар сондай-ақ азаматтарға несие мақұлданғаны немесе оның мәртебесі өзгергені туралы SMS хабарламалар жібереді. Хабарламадағы сілтеме жалған сайтқа бағыттайды. Онда телефон нөмірі, жеке куәлік деректері, банк картасының мәліметтері және растау коды сұралуы мүмкін. Кейін бұл ақпарат ақша ұрлау үшін пайдаланылуы ықтимал.

«Заманауи технологиялар алаяқтарға туыстарының дауысын имитациялап, төтенше жағдай болғанын және шұғыл түрде ақша қажет екенін хабарлауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда тек естіген дауысқа сенуге болмайды. Туысыңызбен өзіңізге белгілі телефон нөмірі арқылы қайта хабарласып, оның жағдайын нақтылап алған жөн.

Банк картасын, шотты немесе банк қосымшасына қолжетімділікті сыйақы үшін басқа адамдарға беруге болмайды. Мұндай шоттар арқылы басқа азаматтардан ұрланған ақша өтуі мүмкін.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы қолданысқа енгізіліп, дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Жағдайға байланысты жаза мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Бірнеше ондаған мың теңге бірнеше жылдық бас бостандығынан айырылуға тұрмайды», – дейді спикер.

Ол өз сөзінде алаяқтардан қорғанудың бірнеше жолын көрсетті:
1. SMS-кодтарды, құпиясөздерді, CVV/CVC-кодты және банк картасының деректерін ешкімге айтпаңыз.
2. Егер сізге банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде қоңырау шалып, ақша аударуды талап етсе, әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз.
3. Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша телефонға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатпаңыз.
4. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз.5. Психологиялық қысым жағдайында қаржылық шешім қабылдамаңыз.

Алаяқтар әдейі асықтырады: шұғыл әрекет етуді талап етеді, ақшаңыздан айырылып қалатыныңызды айтып қорқытады немесе болған жағдайды ешкімге айтпауды сұрайды.

Басты қағидат — тоқтаңыз және ақпаратты тексеріңіз. Телефон тұтқасын қойып, банкке, туысыңызға немесе тиісті мемлекеттік органға өзіңіз хабарласыңыз. Бірнеше минут уақыт жоғалтудың өзі ақшаңызды сақтап қалуға мүмкіндік береді.
«Есте сақтаңыз: «қауіпсіз шот» болмайды, ал SMS-код пен банк картасының деректерін бөгде адамдарға айтуға болмайды», – дейді прокурор.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1276651?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді