
Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қала аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар абаттандыру және жаңғырту жұмыстарын аралап көрді.
Ең алдымен қала басшысы «Жастар» саябағында автоматтандырылған суару жүйесі жүргізілген аумақтағы жасыл желекті қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Жауапты мамандарға көгалдандыру жұмыстарын сапалы жүргізіп, аумақты толық қалпына келтіруді тапсырды.
Бұдан кейін әкім «Қызылтас-Тасбақа» эко-паркіндегі абаттандыру жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда мұнда демалушыларға арналған орындықтар, шолу алаңы, арнайы фотоаймақ және санитарлық торап орнатылған.
Айта кетейік, эко-парк аумағын жаңғырту жұмыстары үш кезеңге жоспарланған. Қазір жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырылуда. Болашақта тарихи мекенді қала тұрғындары мен қонақтары үшін ғана емес, шетелдік туристер үшін де тартымды орынға айналдыру көзделіп отыр. Себебі шатқал аумағында сақ дәуірінің қорымдары мен тасқа қашалған 2 мыңнан астам көне петроглиф бар.
Сонымен қатар, Ернат Бәзіл жаңғырту жұмыстары басталған Көркемсурет галереясында болды. Қазіргі уақытта ғимараттың қасбетін жаңарту және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында мұнда қолөнер аймағы, AI және коворкинг алаңдары, фотоаймақ пен дыбыс жазу студиясы ашылады. Бұл өңірдегі осындай форматтағы алғашқы хаб болмақ. Жобаны «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры жүзеге асыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1276524?lang=ru

Жауап қалдыру