«Назар аударыңыз, балалар!»: Жамбыл облысында полицейлер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Назар аударыңыз, балалар!»: Жамбыл облысында полицейлер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейтті

Жамбыл облысында балалардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

15–20 тамыз аралығында республикалық «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер жасөспірімдер көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орындарында, көшелерде және балалар бос уақытын өткізетін басқа да аумақтарда рейдтер жүргізуде.

Алғашқы екі күннің өзінде полиция бөлімдеріне 289 кәмелетке толмаған жеткізілді. Оның 238-і түнгі уақытта анықталған. Сонымен қатар 292 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Әрбір жағдай бойынша заңды өкілдерге қатысты заңда көзделген шаралар қабылданды.

Ата-аналардың жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінуде. Міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 26 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатудың екі дерегі анықталды.

Рейдтердің негізгі бағыттарының бірі – түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз балалардың ойын-сауық орындарында болуына қатысты белгіленген талаптардың сақталуын бақылау.

Мәселен, 16 тамызда сағат 00:10 шамасында Тараз қаласындағы ойын-сауық орындарының бірінен полицейлер заңды өкілінсіз жүрген 15 жастағы қызды анықтады. Тексеру барысында жасөспірімнің кәмелетке толған құрбысының туған күніне келгені белгілі болды.

Мұндай жағдайды кейде зиянсыз деп қабылдағанымызбен, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз кафе және басқа да ойын-сауық орындарында жүруіне жол берілмейді. Жасөспірімнің заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Іс-шара барысында полицейлер кәмелетке толмағандардың жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аударуда. Жол-техникалық инспекция қызметкерлері мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарға іргелес аумақтарды тексеріп, жолдардың, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жай-күйіне және балалардың қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да факторларға назар аударуда.

Сондай-ақ екі күндік рейд барысында кәмелетке толмағандарды тасымалдау ережелерін бұзудың 9 дерегі анықталды.

Қордай ауданында полицейлер тағы бір алаңдатарлық жағдайды анықтады. Екінші сынып оқушысы мотокөлік құралын басқарған. Бала мұндай көлік құралын өз бетінше басқармауы тиіс. Оның қауіпсіздігі үшін ең алдымен ересектер жауапты. Баласына тиісті бақылау жасамаған заңды өкілге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылыққа, жарақат алуға немесе балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу.

Алдағы күндері рейдтік жұмыстар жасөспірімдер демалатын орындарда, қоғамдық орындарда, көшелерде, ойын-сауық орындарында және басқа да аумақтарда жалғасады.

Полиция департаменті ата-аналарды балаларын назардан тыс қалдырмауға, олардың қайда және кіммен уақыт өткізетінін бақылауға шақырады. Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен, ересектердің жауапкершілігінен басталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1276264?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді