ӨКПЕ ОБЫРЫН ЕРТЕ АНЫҚТАУ: 914-ТЕН АСТАМ АДАМ ТӨМЕН ДОЗАЛЫ КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФИЯДАН ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы аяқталды. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспардың шеңберінде халықтың ақпараттандырылуын арттыруға және өкпе ауруларын ерте анықтауға бағытталған іс-шаралар барысында 1 287 адам онколог дәрігерлердің кеңесін алды. Олардың 914-і кеуде қуысы ағзаларына төмен дозалы компьютерлік томографиядан (ТДКТ) өтті. Акцияға Қазақстан тұрғындарымен қатар, шетелде тұратын отандастарымыз да қатысты. Германиядан келген екі қазақстандық елімізде болған кезінде акцияға қатысып, медициналық тексеруден өтті.

Тексеру нәтижесінде 39 адамнан (4,3%) өкпеде қатерлі үдеріске күдік тудыратын ошақты өзгерістер анықталды. Барлық осы жағдайлар өзгерістердің сипатын нақтылау және диагнозды верификациялау үшін қосымша тексеруге жіберілді.

Сонымен қатар мамандар обыр алды өзгерістердің 70 жағдайын (7,7%) және басқа да аурулардың 433 жағдайын (47,4%) анықтады. Қатысушыларға қосымша 218 диагностикалық зерттеу және зертханалық талдау жүргізілді. Акция барысында онкологтар қатысушылармен жеке ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді: зерттеудің мақсаты мен маңызы, ерте диагностиканың маңыздылығы туралы айтып, пациенттердің сұрақтарына жауап берді. Осындай тәсілдің арқасында бастапқыда тексеруден өтуден бас тартқан көптеген қатысушы өз шешімін өзгертіп, зерттеуден өтті.

«Апта қорытындылары тек онкологиялық үдеріске күдік тудыратын өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар әрі қарай медициналық бақылауды қажет ететін обыр алды жағдайлар мен басқа да ауруларды анықтауға мүмкіндік беретінін көрсетті», – деп атап өтті Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Мұхтарұлы Аманқұлов.

Ерте диагностика мәселені дер кезінде анықтап, қажетті емді уақтылы бастауға мүмкіндік береді. Сондықтан жоғары қауіп тобына жататын адамдардың тексеруден өтуді кейінге қалдырмай, диагностиканың қажеттілігін дәрігермен талқылағаны маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1276589?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді