
Роман Ю. ВАСИЛЕНКО, Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі
Еуропа ұзақ уақыт бойы Қазақстанға ең алдымен географиялық тұрғыдан қарап келді: Ресей мен Қытайдың арасында, Брюссельден мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан Еуразияның жүрегіндегі алып мемлекет. Алайда география – жалпы көріністің бір бөлігі ғана. Қазақстан өзгеріп келеді және бұл өзгерістердің бағыты Еуропа үшін маңызды.
23 тамызда Қазақстанда жаңа Конституциямызға сәйкес құрылған жаңа жоғары өкілді орган – Құрылтайға алғашқы сайлау өтеді. Бұл сайлау Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси жаңғыру мен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды кезең болып табылады.
Жаңа Құрылтай және оған сайлау өкілді институттарды нығайтуға, саяси қатысуды кеңейтуге және неғұрлым орнықты саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Сайлауға 5 пайыздық межеден өтуге ұмтылған жеті саяси партия қатысады.
Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөз бар. Біз үшін заманауи мемлекеттің күші тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, сонымен қатар тиімді институттарға, азаматтардың белсенді қатысуына және болашаққа деген сенімге негізделеді.
Осы маңызды кезең жақындаған сайын оны кеңірек геосаяси тұрғыдан, соның ішінде әлеммен және Еуропалық одақпен ынтымақтастығымыз аясында қарастыру маңызды.
Реформалар және экономикалық орнықтылық
Саяси өзгерістер елеулі экономикалық трансформациямен қатар жүріп жатыр. 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, номиналды ЖІӨ шамамен 306 млрд АҚШ долларына жетті. Геосаяси тұрақсыздық пен мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, 2026 жылдың алғашқы жеті айында экономика 4,1% деңгейінде өсуін жалғастырды. Бұл ретте экономикалық өсімге шикізаттық емес сектордың үлесі артып келеді.
Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып қала береді және өңірдің жалпы ЖІӨ-нің жартысынан астамын құрайды. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 450 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылды. Сонымен бірге ұзақ мерзімді орнықтылық үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру қажет екенін түсінеміз. Бұл – қосылған құны жоғары салаларды дамыту, адами капиталды нығайту, технологиялар мен инновацияларға инвестиция салу деген сөз.
Цифрландыру қазірдің өзінде елді өзгертіп келеді. Мемлекеттік қызметтердің шамамен 90%-ы онлайн режимінде қолжетімді, ал Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің арасында 24-орында тұр.
Қазақстан жасанды интеллект саласындағы өз әлеуетін де қалыптастыруда. Қазіргі уақытта жоғары өнімді екі суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. Олар жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге, бизнес пен мемлекеттік басқаруға қажетті есептеу қуатын қамтамасыз етіп, еуропалық серіктестермен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Энергетикалық қауіпсіздік және сенімді бағыттар
Еуропа үшін энергия ресурстарының сенімді жеткізілімі, аса маңызды шикізат және орнықты көлік желілері стратегиялық басымдықтарға айналды. Қазақстан осы үш бағыттың барлығына өз үлесін қосып келеді.
Біз әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекетпіз және мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстардың елеулі қорына иеміз. Алайда біздің мақсатымыз тек шикізат экспорттау емес. Біз өңдеу саласын, технологиялар мен өндірісті дамытып, ел ішінде неғұрлым жоғары қосылған құн қалыптастыруға ұмтыламыз. Еуропалық серіктестер үшін бұл жеткізу тізбектерін әртараптандыруға және олардың орнықтылығын арттыруға ықпал ете алады.
Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында жұмыс істеген азаматтық мұнай танкерлеріне жасалған соңғы дрон шабуылдары мұндай орнықтылықтың неліктен маңызды екенін көрсетті. Шабуылдар мұнай тиеу жұмыстарына кедергі келтіріп, аса маңызды энергетикалық инфрақұрылымның геосаяси тәуекелдер алдындағы осалдығын көрсетті.
Бұл қолданыстағы сенімді инфрақұрылымды сақтай отырып, балама бағыттарды дамытудың маңыздылығын тағы бір рет айқындайды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз осы жұмыста маңызды орын алады. Ол Орталық Азияны Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропа нарықтарымен байланыстырады.
Оның мақсаты – бір бағытты екіншісімен алмастыру емес, Еуропа мен Азия арасында неғұрлым әртараптандырылған әрі орнықты желі қалыптастыру.
Президент Тоқаевтың өткен жылғы маусымда Брюссельге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан мен ЕО көлік байланыстарын дамыту күн тәртібінің маңыздылығын қайта растады. Еуропалық инвестициялық банк көлік байланысын қолдауға бағытталған келісімдерге қол қойды, сондай-ақ тараптар әуе қатынасын кеңейту жөнінде уағдаласты.
Дамуға әлеуеті зор әріптестік
Еуропалық одақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 45 млрд АҚШ долларына жетті, ал 2005 жылдан бері Қазақстанға салынған еуропалық инвестициялар көлемі 210 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстанда еуропалық капиталы бар 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар өнеркәсіптік дамуға, технологиялар трансфертіне және жұмыс орындарын құруға үлес қосуда.
Бұл қатынастардың елеулі бөлігі әлі де энергетика мен тау-кен өнеркәсібіне шоғырланған. Бұл қалыптасқан байланыстардың беріктігін көрсетумен қатар, оларды әртараптандыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін де аңғартады.
Ынтымақтастықтың келесі кезеңі жасанды интеллект, озық технологиялар, жаңартылатын энергетика, аса маңызды материалдар, қаржы, білім беру және дағдыларды дамыту салаларын қамтуы мүмкін. Қазақстан мен ЕО тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі сияқты салаларда стратегиялық ынтымақтастық орнатып үлгерді. Ендігі міндет – осы негізді нақты жобаларға, инвестициялар мен жаңа жұмыс орындарына айналдыру.
Қазақстан үшін Еуропа – жай ғана нарық емес. Ол – жаңғыру, технологиялар трансферті және жаңа салаларды дамытудағы серіктес.
Еуропа үшін Қазақстан – жай ғана шикізат көзі емес. Біз бұрыннан қалыптасқан әрі сенімді энергетикалық серіктеспіз және көлік, инвестиция мен технология салаларында маңызы артып келе жатқан әріптеспіз.
23 тамыздағы сайлауды дәл осы кең ауқымды контексте қарастырған жөн.
Қазақстан өз институттарын жаңғырта отырып, неғұрлым әртараптандырылған әрі орнықты экономиканың негіздерін нығайтуда. Біздің пайымдауымызша, бұл үдерістер бірін-бірі толықтырып, өзара күшейтеді. Күшті институттар, қоғамның сенімі және реформалардың жалғасуы орнықты даму мен ұзақ мерзімді халықаралық әріптестікке қажетті болжамдылықты қамтамасыз етеді.
Неғұрлым демократиялық әрі орнықты Қазақстан – бұл біздің ұлттық мақсатымыз ғана емес. Бұл Еуропа үшін де неғұрлым қуатты серіктес дегенді білдіреді.
Осы сайлау арқылы саяси жүйеміздің демократиялық негіздері мен орнықтылығын нығайта отырып, біз еуропалық серіктестерімізбен практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге – неғұрлым орнықты, өзара байланысқан және болашаққа бағдарланған әріптестікті бірге қалыптастыруға ұмтыламыз.
Фото авторлары:
Дауыс беріп жатқан қыз: Қазақстан Елшілігі
Жалпы көрініс: The Astana Times

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1276239?lang=ru

Жауап қалдыру