
Облыс әкімі Берік Уәли Қазақстандағы ЭКҰ әдісінің (экстракорпоральды ұрықтандыру) негізін қалаушы, биология ғылымдарының докторы, профессор, «NGC» халықаралық репродукция орталығы және «ЭКОМЕД» адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми директоры Салтанат Байқошқаровамен кездесті. Кездесуде репродуктивті денсаулықты қорғау, экстракорпоралды ұрықтандыруға бөлінетін квоталарды тиімді игеру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда Абай облысына жыл сайын 210 квота бөлініп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында игерілген квоталардың 65,4 пайызы қала тұрғындарына, 34,6 пайызы ауыл тұрғындарына тиесілі. Биылғы алты айда бөлінген квоталардың 54 пайызы игерілген.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасына осы бағыттағы жұмысты жандандырып, тұрғындар арасында ЭКҰ мүмкіндіктері мен квота алу тәртібі жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Көтеріліп отырған мәселе өте өзекті. Сондықтан осы орталықпен бірлесе отырып, жұмыс істеу қажет. Президент тапсырмасына сәйкес бөлініп отырған бұл квота көптеген отбасыға үміт сыйлағаны анық. Өйткені, «бала – адамның бауыр еті». Ұрпақ өрбіту – әр отбасының тілегі, мақсаты. Сондықтан облыс әкімдігі тарапынан жан жақты қолдау көрсететін боламыз», – деді Берік Уәли.
Өз кезегінде Салтанат Байқошқарова өңірдегі репродуктивті денсаулық мәселелерін шешуге және ЭКҰ бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1276982?lang=ru

Жауап қалдыру