
Бүгін, 19 тамызда Ақтау қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан Сақып Бүркітбайұлы Керелбаев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылды.
Тағылымды шараға мемлекеттік және қоғамдық қызмет саласының өкілдері, зиялы қауым, ардагерлер, замандастары мен әріптестері, туған-туыстары және қала тұрғындары қатысты.
Жиында Сақып Керелбаевтың ел басқару ісіндегі көпжылдық еңбегі, Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ өлке тарихын зерделеудегі қызметі атап өтілді.
Сақып Бүркітбайұлы әр жылдары Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңес төрағасы, облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, «Маңғыстау» агрокомбинатының бас директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы және облыс әкімінің бірінші орынбасары сынды жауапты қызметтер атқарып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосты.
Сақып Бүркітбайұлы ғұмырының кейінгі кезеңінде Маңғыстау тарихын, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолын зерттеуге ден қойып, кейінгі ұрпаққа құнды жазба мұра қалдырды. Оның тарихи-танымдық еңбектері мен естеліктері өңірдің өткенін зерделеуде маңызды рухани мұра болып саналады.
Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде ардагерлер мен қаламгерлер Сақып Керелбаевтың азаматтық болмысы, елге сіңірген еңбегі және кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1276756?lang=ru

Жауап қалдыру