
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын іске асыру жұмыстары жалғасуда.
Пробация қызметі бағыты бойынша аталған заңның талаптары 349 сотталғанға қолданылады. Оның ішінде 93 адам жазаның өтелмеген бөлігін өтеуден босатылуға, ал 256 сотталғанның жаза мерзімін қысқарту көзделген.
Бүгінгі таңда соттарда 170-тен астам материал қаралды. Сот шешімдерінің нәтижесінде сотталғандардың бір бөлігі жазаның өтелмеген бөлігін өтеуден босатылса, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылды.
Осындай жұмыстар Маңғыстау облысының барлық пробация қызметі бөлімшелерінде жүргізілуде. Атап айтқанда, Маңғыстау ауданында заң талаптарына сәйкес сотқа жолданған материалдар қаралып, олардың нәтижесінде 2 сотталған жазаның өтелмеген бөлігін өтеуден босатылып, 9 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
Заңды іске асыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жалғасуда. Рақымшылыққа іліккен сотталғандарға қатысты материалдар дайындалуына қарай сотқа жолданып, белгіленген тәртіппен қаралуда.
Рақымшылық қолданылғаннан кейін пробация қызметінің қызметкерлері сотталғандарды қоғамға бейімдеу жұмыстарын жалғастырады. Олар жұмысқа орналасуға жәрдемдесіп, жеке құжаттарын қалпына келтіруге, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алуға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қоғамға табысты бейімделуіне ерекше назар аударылады.
– Рақымшылық – мемлекеттің ізгілік қағидаттарын жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі. Біздің басты міндетіміз – заң талаптарының сапалы орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, рақымшылыққа іліккен азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету. Пробация қызметінің мамандары әрбір есептегі азаматпен жеке жұмыс жүргізіп, олардың заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруына және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеуіне ықпал етеді, – деді Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Маңғыстау аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны Бағдат Дәуірбаев.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын іске асыру Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тұрақты бақылауында және заңнамада белгіленген барлық рәсімдер толық аяқталғанға дейін жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-mangystau/press/news/details/1277230?lang=ru

Жауап қалдыру