
Таиландтан келген чемпиондар мен тәжірибелі жаттықтырушылар Астанада кәсіби спорт пен халықаралық ынтымақтастықты ұштастыратын үш күндік жаттығу бағдарламасын өткізіп жатыр.
Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) Қазақстан мен Таиландтан келген спортшыларды, жаттықтырушыларды, спорт қауымдастығының өкілдері мен сарапшыларды біріктірген муайтайдан халықаралық шеберлік сағаты басталды. Іс-шараның ашылу салтанатына Таиланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пияпин Нийомреркс, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев және Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева қатысты.
Үш күн бойы қатысушылар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен арнайы әдіс-тәсілдерді меңгеріп қана қоймай, тай жауынгерлік өнерінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерімен танысады. Бағдарламада практикалық жаттығулар, чемпиондармен кездесулер, «Вай Кру» муайтай рәсімімен танысу және дәстүрлі «Муай Боран» өнерінің мәдени қойылымдары қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев іс-шараны ұйымдастырғаны және Қазақстан мен Таиланд арасындағы спорттық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Таиланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне және Қазақстанның муайтай федерациясына алғысын білдірді.
«Қазақстанда муайтайды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанның муайтай федерациясы 1998 жылдан бері елімізде осы спорт түрін жүйелі түрде дамытып келеді. Қазақстандық муайтай мектебінің жоғары деңгейі спортшыларымыздың нәтижелерімен де дәлелденіп отыр. Қазақстанның ұлттық құрамасы әлемдегі муайтайдан жетекші бес құраманың қатарына тұрақты түрде кіреді», – деді Серік Жарасбаев.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Таиланд арасында, соның ішінде муайтайды дамыту бағытында берік спорттық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 және 30 жылдығына орай Астана мен Алматы қалаларында кәсіби муайтайдан матчтық кездесулер ұйымдастырылды. Ал 2023 жылы Таиланд Елшілігімен бірлесіп халықаралық матчтық кездесу өткізілді.
Іс-шараның ашылуында Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева да қатысушыларды құттықтап, халықаралық спорттық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
«Муайтай – бұл тек спорт пен техника ғана емес. Бұл күш-жігерді, төзімділікті өзін-өзі ұстай білуді және ішкі жауапкершілікті талап ететін тәртіп. Дәл осы құндылықтар заманауи спорттық білім беру философиясымен үндеседі», – деді университет ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева.
Оның айтуынша, шеберлік сағатының университет қабырғасында өтуі екі елдің спортшылары, жаттықтырушылары мен спорт сарапшылары арасында кәсіби байланыстарды дамыту тұрғысынан ерекше маңызды. Бағдарлама аясында муайтай тарихы туралы таныстырылым, спорт ұйымдарының өкілдерімен кездесулер және практикалық жаттығу сессиялары ұйымдастырылған. Қатысушылар әртүрлі нұсқаушылардың жетекшілігімен жаттығып, олардың тәжірибесімен, арнайы әдіс-тәсілдерімен және кәсіби ұсынымдарымен танысады.
Халықаралық шеберлік сағаты спорттық іс-шара ғана емес, Қазақстан мен Таиланд арасындағы мәдени және кәсіби алмасу алаңына да айналып отыр. Осылайша, KNUS бұл күндері чемпиондық тәжірибе, спорттық білім және Таиландтың мәдени мұрасы тоғысқан алаңға айналып, спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1277715?lang=ru

Жауап қалдыру