
Шымкент қаласындағы №2 қалалық ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар заманауи медициналық технологиялардың көмегімен тегін жасалуда.
Жақында мұнда 38 жастағы әйелге ми тамырының аневризмасына байланысты жоғары технологиялық эндоваскулярлық операция жасалды. Мұндай операцияның құны 6 млн теңгеден асады. Науқасқа медициналық көмек тегін көрсетілді.
Науқас біраз уақыт бойы басының қатты ауыратынын айтып, дәрігерге қаралған. Тексеру барысында МРТ зерттеуі арқылы ми тамырында аневризма бары анықталған.
Аневризма – қан тамыры қабырғасының әлсіреп, белгілі бір бөлігінің кеңеюі. Оның ең қауіпті асқынуы – аневризманың жарылып, миға қан құйылуы. Сондықтан ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдау маңызды.
Науқасқа ашық операция жасалмай, заманауи эндоваскулярлық әдіс қолданылды. Арнайы медициналық құралдар қан тамырының ішінен енгізіліп, аневризмаға стент қойылды. Бұл әдіс аневризмаға түсетін қан ағымын азайтып, оның жарылу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Операцияны нейрохирург дәрігер Еркін Медетов орындады.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.
Айта кетейік, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету аясында тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда мұндай күрделі операциялар пациенттерге тегін жасалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-densaulyk/press/news/details/1277716?lang=ru

Жауап қалдыру