
Әйтеке би ауданының Тұмабұлақ ауылы тұрғындары газ тарту мәселесінің шешілуін асыға күтті. Енді міне, елді мекендегі 80 аула түгелдей көгілдір отынмен қамтылды.
Жоба Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру және елді мекендерді газдандыру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Газ құбырын тарту жұмыстарын «Влад» ЖШС 2026 жылдың сәуір айынан бастап жүргізді. Құрылыс барысында жалпы ұзындығы 53,6 шақырымды құрайтын жеткізуші және ауылішілік газ құбыры тартылды. Жоба құны 827 млн. теңгеден асады.
Ал тапсырыс беруші – Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.
Газ құбырын іске қосу салтанатты рәсімінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, игі істің жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Тұмабұлақ ауылы аудан орталығынан 110 шақырым қашықта орналасқан. Ауылдың негізі 1961 жылы қаланды. Қазіргі таңда елді мекенде 450-ге жуық тұрғын тұрады.
Бүгінде Әйтеке би ауданындағы 27 елді мекеннің 21-і табиғи газбен қамтылған. Айта кетейік, осы аптада Жабасақ ауылына да газ берілмек. Нәтижесінде аудан халқының газбен қамтылу деңгейі 94,2 пайызға жетеді.
Көгілдір отынның келуі – ауыл тұрғындары үшін жай ғана тұрмыстық қолайлылық емес, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Тұмабұлақ жұрты үшін бұл күн – көптен күткен қуаныштың орындалған тарихи сәті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aitekebi/press/news/details/1277361?lang=ru

Жауап қалдыру