Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту мәселесіне арналған жиын өтті. Жиынға жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау бағдарламасы аясында облыстағы 10 вокзалды жаңғырту көзделген. Маусым айында Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларындағы вокзалдар күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Екі нысанда да вокзал аумағы кеңейтіліп, перрондар жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды.

Қазір қалған 8 вокзалда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бекітілген кестеге сәйкес Үшбиік, Дегелең, Жалаңашкөл, Шар және Жарма вокзалдарын тамыз айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Ақтоғай, Аягөз және Семей вокзалдарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Аягөздегі ескі вокзал ғимаратының орнына жалпы аумағы 1367,65 шаршы метр болатын жаңа вокзал салынып жатыр. Семей қаласындағы халықаралық теміржол вокзалының аумағы 3037,9 шаршы метрден 4905,05 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, тәуліктік өткізу қабілетін 1619 жолаушыдан 3156 жолаушыға дейін арттыру көзделген.

Аймақ басшысы вокзалдарды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды жоба екенін айтты.

«Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың теміржол саласын дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және саланың негізгі міндеттерін шешу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, облыс бойынша 10 теміржол вокзалын кезең-кезеңмен қайта жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және тұрғындар үшін заманауи әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан әр нысандағы жұмыстың сапасына ерекше мән беріліп, құрылыс бекітілген кестеге сәйкес белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс», – деді Берік Уәли.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармаларға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен және мердігер ұйымдармен бірлесіп құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, жұмыс күшін тиімді ұйымдастыруды, орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстап, вокзалдарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1278264?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді