
Өңірде бірқатар маңызды жоба қолға алынғаны белгілі. Осыған орай, «Мемсараптама» РМК бас директоры Тимур Қарағойшиннің төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев тікелей байланыс арқылы қатысты.
Жиында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа жобалардың жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізу және құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру барысы қаралды.
Ірі жобаның бірі – Қызылорда қаласындағы Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірі. Жаңа көпір қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысын реттеуге және шаһардың екі бөлігін байланыстыруға мүмкіндік береді.
Жобалық шешімге сәйкес, жалпы ұзындығы 338,5 метр, төрт жолақты. Қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаттаманы «Тека Проект» ЖШС демеушілік қаражат есебінен әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жіберді. Оң қорытындыны алдағы қыркүйек айында алу көзделіп отыр.
Тағы бір жоба – Президент саябағы аумағында салынып жатқан жаңа драма театрдың құрылысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қызылорда қаласында жаңа драма театр салуды тапсырды. Осы жылдың сәуір айында театрдың іргетасы қаланды.
Жаңа ғимарттың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрден асады, 520 көрерменге арналған. Мұнда репетициялық залдар, студиялар, шығармашылық кеңістіктер мен әкімшілік кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар, театр заманауи сахналық техникамен, қуатты дыбыс жүйесімен және соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде түрлі жанрдағы қойылымдарды жоғары кәсіби деңгейде сахналауға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша аталған жобалар жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1278255?lang=ru

Жауап қалдыру