
Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс XLIX сессиясында Алматы қаласының Сәулет-қала құрылысы кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Кеңес құрамын қалыптастыру қажеттілігі биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексіне байланысты.
Кеңес құрамына 25 адам кірді: сәулетшілер, урбанистер, инженерлік құрылыс, көлік, экономика, экология, көгалдандыру, инклюзивті орта, жылжымайтын мүлік және девелопмент салаларының мамандары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мәслихат пен қалалық Қоғамдық кеңестің өкілдері.
Сессияда депутаттар «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын берудің жаңа қағидаларын да бекітті. Қолданыстағы тәртіп 2011 жылы қабылданған болатын. Оны жаңарту республикалық деңгейде жаңа Үлгілік қағидалардың бекітілуіне байланысты. Бұл ретте Құрметті азамат институты сақталады, кандидаттарға қойылатын талаптар мен атақ беру рәсімі нақтыланады.
Атап айтқанда, критерийлер білім, ғылым, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік, қоғамдық және қайырымдылық қызметке, сондай-ақ қала өмірінің басқа да салаларына қосқан үлесті қамтиды. Кандидаттың нақты еңбегі көрсетілетін бірыңғай наградтау парағының нысаны енгізіледі. Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия қарағаннан кейін атақ беру туралы шешімді бұрынғыдай Алматы қаласының Мәслихаты қабылдайды.
Атақ беру мерзімділігі де өзгереді. Енді екі жылда бір рет 10 азаматтан аспайтын адамға атақ беріледі. Сонымен қатар әр бес жыл сайын Алматы қаласының мерейтойлық датасына орай қосымша бес адамға дейін аталған атақты беру қарастырылған.
Жаңа қағидалар атақтың жоғары мәртебесін сақтауға және Алматының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалаудың бірыңғай әрі түсінікті тәртібін қалыптастыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-almaty/press/news/details/1277918?lang=ru

Жауап қалдыру