Astana.kz бірыңғай цифрлық платформасын 10 мыңнан астам елорда тұрғындары пайдаланады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Astana.kz бірыңғай цифрлық платформасын бүгінде елорданың 10 мыңнан астам тұрғыны, олардың арасында кәсіпкерлер мен инвесторлар пайдаланады. Портал арқылы қалалық қызметтерді онлайн алуға, өтінім беруге, қажетті құжаттарды тіркеуге және олардың қаралу барысын жеке кабинеттен бақылауға болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Astana.kz біртіндеп қалалық қызметтер, коммуналдық сервистер және бизнеске арналған құралдар бір жерге шоғырланған елорданың бірыңғай цифрлық кеңістігі ретінде қалыптасып келеді.

Платформаның негізгі міндеттерінің бірі – қалалық қызметтерді алуды барынша жеңіл әрі түсінікті ету. Қызмет көрсетудің негізгі кезеңдері онлайн жүзеге асырылады. Бұл тұрғындарға бірнеше ұйымға қатар жүгініп, бір құжаттарды қайта-қайта ұсыну қажеттілігін азайтады.
Қазір платформада коммуналдық сала бойынша 100-ден астам қызмет қолжетімді. Олардың қатарында электр, жылу, су және кәріз жүйелеріне қатысты қызметтер, инженерлік желілерге қосылу, шарттар жасасу және қайта ресімдеу, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың басқа да бағыттары бар.

Astana.kz платформасында қалалық орта мен урбанистика саласындағы қызметтер де ұсынылады. Қажетті құжаттар мен материалдарды электронды форматта жолдап, олардың қаралу нәтижесін платформа арқылы алуға болады.

Кәсіпкерлер үшін маңдайшалар мен сыртқы жарнама нысандарының эскиздерін келісуге арналған қызметтер қарастырылған. Цифрлық формат құжат тапсыру рәсімін жеңілдетіп, өтінімдерді қарау үдерісінің ашықтығын арттырады әрі бизнеске кететін уақытты қысқартады.
Платформада кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторларға арналған Astana Invest сервистері де қолжетімді. Олардың ішінде инвестициялық бастамаларды сүйемелдеу және арнайы экономикалық аймаққа қатысуға қатысты өтінімдер беру мүмкіндігі бар.
Astana.kz «бір терезе» қағидаты бойынша дамып келеді. Платформаға әкімдік құрылымдық бөлімшелері, коммуналдық кәсіпорындар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар кезең-кезеңімен қосылуда. Сонымен қатар қолжетімді қызметтер тізімі кеңейтіліп, пайдаланушыларға арналған цифрлық құралдар жетілдіріліп жатыр.

Алдағы уақытта Astana.kz платформасында негізгі қалалық сервистерді, ақпараттық ресурстарды және қаламен өзара байланыс орнатуға арналған цифрлық арналарды бір жерге шоғырландыру жоспарланып отыр. Бұл тұрғындар мен бизнес өкілдеріне күнделікті мәселелерінің басым бөлігін бір цифрлық кеңістікте шешуге мүмкіндік береді.
Платформадағы қолжетімді қызметтер мен мүмкіндіктер туралы толық ақпаратты Astana.kz сайтынан алуға болады.
Айта кетейік, Astana.kz – тұрғындар, кәсіпкерлер, инвесторлар және қалалық ұйымдарға арналған қалалық қызметтерді, коммуналдық сервистерді және басқа да цифрлық құралдарды бір жерге біріктіретін бірыңғай қалалық цифрлық платформа. Платформаның операторы – «Астана Innovations» АҚ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1278194?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді