Атыраулық өнертапқыш ерекше балаларға арналған платформа әзірледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атыраулық Жарылқасын Сүгірбай ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың дамуына арналған «Қадам» цифрлық платформасын әзірледі. Оның бұл жобасы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасында үздік деп танылып, 1 миллион теңге көлемінде грант иеленді.

Жаңа платформа арқылы ата-аналар баласының даму деңгейін анықтап, оған сәйкес жеке оқу бағдарламасын таңдай алады. Платформада күнделікті дағдыларды қалыптастыруға арналған тапсырмалар мен сабақтар қамтылған.

Автор бұл жобаны жеке тәжірибесіне сүйеніп әзірлегенін айтты.

– Бұл платформаны жасауға өз балам себеп болды. Балама аутизм спектрі бұзылысы диагнозы қойылған. Ерекше балалардың дамуы тек мамандардың көмегіне байланысты емес. Үй жағдайында жүйелі түрде жаттығулар жасап, баламен тұрақты жұмыс істеу де маңызды. Бұл ата-аналар үшін қаржылық жағынан да тиімді шешім. Жылдық төлем құны – 27 мың теңге. Ерекше баланы қоғамға бейімдеу – мамандармен қатар ата-ананың да міндеті, – дейді жоба авторы.

«Қадам» платформасы дефектолог, логопед және психиатр мамандардың кеңесі негізінде әзірленген. Жоба ата-аналарға баламен үй жағдайында жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Автордың айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған мұндай форматтағы отандық платформаның баламасы әзірге кездеспеген.

Атырау облысында 8 мыңға жуық ерекше бала бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1277097?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді