Атыраулық жас волонтерлер елордада тәжірибе жинақтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Atyrau Youth Fellowship» жобасы аясында Атырау облысының бес жас волонтері 3–7 тамыз аралығында Астана қаласында өткен стади-турға қатысып, волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған озық тәжірибелермен танысты.

Жобаға қатысу үшін жарияланған ашық конкурстық іріктеуге өңірден 86 өтінім түскен. Техникалық және сараптамалық кезеңдердің қорытындысы бойынша 15 жеңімпаз анықталды. Олар Астана қаласында, Әзербайжан мен Грузияда өтетін стади-турларға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Стади-турдың негізгі мақсаты – жастардың волонтерлік әлеуетін арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға қажетті тәжірибе қалыптастыру.

Бағдарлама аясында қатысушылар волонтерлерді тарту және оқыту, жастар бастамаларын қолдау, халықаралық бағдарламаларға қатысу, корпоративтік және инклюзивті волонтерлікті дамыту, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде волонтерлердің жұмысын ұйымдастыру бағыттарымен танысты.

– Кездесулер барысында волонтерлерді тарту мен оқыту тетіктері, жастар бастамаларын қолдау, халықаралық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері, корпоративтік және инклюзивті волонтерлікті дамыту, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлердің жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, – деді «Qabilet» ҮЕҰ қауымдастығы жобасының менеджері Нелли Төлегенова.

Стади-турлар аяқталғаннан кейін жоба қатысушылары Атырау облысында кемінде бес авторлық волонтерлік жобаны іске асырады. Бастамалар өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталады.

Жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Qabilet» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1277332?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді