
23 тамыз, Құрылтай сайлауы күні, тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ қазақстандықтар дауыс беру үшін сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша бір күнге тіркеуге тұра алады. Бұл қызметті сайлау учаскелерінде халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары көрсетеді.
Дауыс беру күні еліміз бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Соның 221 учаскесінде ХҚКО қызметкерлері азаматтардың бір күндік тіркеуін рәсімдейді. Бұл өз кезегінде олардың сайлау құқығын жүзеге асырып, дауыс беруге қатысуына мүмкіндік береді.
Тіркеу тек дауыс беруге қатысу мақсатында бір күнге рәсімделеді. Келесі күні тіркеу автоматты түрде жойылады. Егер сайлау учаскесі мектепте, колледжде, университетте немесе басқа да мекемеде орналасса, азамат сол нысанның мекенжайы бойынша тіркеледі.
ХҚКО қызметкерлері сайлау учаскелерінде сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар азаматтар өздерінің тіркелген мекенжайына сәйкес сайлау учаскесінде дауыс береді.
Сайлау учаскелерінің толық тізімімен және тиесілі учаске туралы ақпаратпен Орталық сайлау комиссиясының сайтынан онлайн режимде танысуға болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-eskeldi/press/news/details/1278080?lang=ru

Жауап қалдыру