
Көліктегі полиция департаменті ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Астана қаласындағы «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының аумағында әрекет еткен заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында заңсыз схемаға көші-қон қызметінің лауазымды тұлғасы, Шетелдік азаматтарға қызмет көрсету орталығының қызметкерлері және делдалдар қатысқаны анықталды.
Олар ақшалай сыйақы үшін шетел азаматтарына заңнамада белгіленген талаптарды айналып өтіп, уақытша тұруға және еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті құжаттарды заңсыз рәсімдеуді қамтамасыз еткен.
Делдалдарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық кезекті сақтамай, басым тәртіппен алуға мүмкіндік берілген. Бұл ретте анықталған заңбұзушылықтарға тиісті шара қолданылмаған.
Құжаттарды кедергісіз рәсімдеу үшін көші-қон қызметі қызметкерінің қызметтік мүмкіндіктері пайдаланылған. Бұл үшін оған жүйелі түрде ақшалай қаражат беріліп отырған, оның ішінде жақын туыстарының банк шоттарына аударылған.
Осылайша, тегін көрсетілуге тиіс мемлекеттік қызмет шетел азаматтарын заңсыз заңдастырудың коммерциялық тетігіне айналған.
Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен 10 адам сотталды: көші-қон қызметінің бір қызметкері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрт қызметкері және бес делдал.
Жекелеген сотталғандарға 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалған тұлғаларға бас бостандығын шектеу және айыппұл түріндегі жазалар белгіленді.
Нәтижесінде заңсыз көші-қон арнасының қызметі тоқтатылып, сыбайлас жемқорлық сипатындағы схема жойылды, ал сот кінәлі деп таныған тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1278271?lang=ru

Жауап қалдыру