
Мақтаарал ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі аудандық Тамыз кеңесі өтті. Биылғы жиын «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды.
Кеңеске аудан басшылығы, ауданның білім беру саласының басшылары мен педагогтері, білім саласының ардагерлері, әдіскерлер, педагог-тренерлер және салаға қатысты мекеме өкілдері қатысты.
Жиын Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталып, қатысушыларға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Тамыз конференциясына арналған бейнеүндеуі көрсетілді. Сондай-ақ, шара барысында ауданның білім беру саласында өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктері туралы бейнетаныстырылым ұсынылды.
Кеңесте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен білім беру жүйесінің өзекті мәселелері сөз болып, жаңа оқу жылында білім сапасын арттырудың басым бағыттары талқыланды. Аудан әкімі Бақыт Асанов, аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков және аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Асанхан Қошқаровтар білім беру саласының қазіргі ахуалы мен алдағы міндеттеріне тоқталып, педагогтердің еңбегін атап өтті. Іс-шара барысында белсенді еңбегімен көзге түскен бірқатар білім саласының қызметкерлері марапатталды.
«Тамыз конференциясы – өткен оқу жылын қорытындылап, білім саласының бүгінгі бағытын саралап, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды кәсіби алаң. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – еліміздің қоғамдық-құқықтық дамуындағы жаңа кезең. Конституцияда айқындалған құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруде мектептің орны ерекше» – деді, Бақыт Насырханұлы.
Түркістан облысы білім басқармасы Білім беруді дамыту орталығының әдіскері Шарипа Примбетова мен Республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық біліктілікті арттыру орталығының педагог-тренері Нұржан Сапарханұлы педагогтердің кәсіби құзыретін арттыру, заманауи оқыту әдістерін тиімді пайдалану және білім сапасын жетілдіру бағытында тәжірибелік-әдістемелік ұсыныстарын ортаға салды.
Тамыз кеңесінде өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Магрипа Сарсенбаева мекеменің атқарып жатқан жұмыстары мен жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту бағытындағы бастамалары туралы сөз қозғады.
Жиын барысында ауданның білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаз, бұрынғы №25 «Жаңа жол» мектебінің директоры Жақсылық Саттаров та өз ой-пікірін білдіріп, жас мамандарға тәжірибесін бөлісті.
Кеңес аясында педагогтер өзара пікір алмасып, білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, жаңашыл, үздік және білім саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Шараның мәдени бөлігінде оқушылар мен өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Абылайхан атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің «Ай-ару» би ансамблі «Қазақ биін» орындап, оқушылар ұстаздарға арнайы құттықтауын жолдады. Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы Мырзабай Ерхат «Ұстазым» әнін орындаса, «Мақтаарал» мәдениет үйінің Каландаровтар дуэті «Қазақстан» әнін шырқап, жиынның мерекелік мазмұнын толықтырды.
Аудандық Тамыз кеңесінде жаңа оқу жылындағы білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, заманауи әдіс-тәсілдерді оқу үдерісіне енгізу, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту бағыттары бойынша алдағы міндеттер айқындалды.
Жиын соңында аудандық Тамыз кеңесінің Қарары жобасы қабылданып, педагогтерге жаңа оқу жылын шығармашылық табыспен, толағай жетістіктермен және жемісті еңбекпен өткізуге тілектестік білдірілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Мақтаарал ауданында 167 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 61 мектеп, 109 балабақша және 3 қосымша білім беру ұйымы бар. Биыл 59 мектепте 29 633 оқушы, 2 жекеменшік бастауыш мектепте 178 бала білім алады деп жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1278118?lang=ru

Жауап қалдыру