Облыс әкімі Болат Ақшолақов әлеуметтік нысандардың құрылысын, жол жөндеу және қала инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысын тексеріп шықты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңір басшысы алдымен Абай көшесінің орташа жөндеу жүріп жатқан бөлігіне барды. Қазір мұнда мамандар жолдың негізін дайындап жатыр, содан кейін асфальттің үстіңгі қабатын төсеуге және жол белгілерін сызуға кіріседі.

Болат Ақшолақов барлық учаскені, соның ішінде Махамбет атындағы облыстық драма театрының алдындағы аумақты қоса алғандағы жолды толық асфальттап бітіруді және күн ашық болса, 22 тамызда қозғалысты ашуды тапсырды.

Содан кейін облыс әкімі қаланың кәріз желілерін күрделі жөндеу барысын тексерді. Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылуда және 11,1 км желіні қамтиды: 7 шақырымы санация әдісімен қалпына келтірілсе, қалған 4,1 шақырым желі құбыры бұрғылау әдісімен ауыстырылып жатыр.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жасұлан Қамзаевтың айтуынша, жаңарған жүйе іске қосылғасын оның өткізу қабілеті 50%-дан жоғарыға ұлғайып, сенімділігі де едәуір арта түседі.

“Бұрғылау кезінде ескі құбыр іштен бұзылып, оның орнына диаметрі 200–350 мм болатын жаңа құбыр салынады. Санация кезінде арнайы жең қолданылады. Ол құбырдың ішіне тартылып, кейін арнайы жабдықтың көмегімен қатырылады. Нәтижесінде материал ішкі қабырғаларға тығыз бекиді. Жұмыстар Авангард,СМП-136, Лесхоз және басқа да шағынаудандарда жүріп жатыр. Бұған дейін мұнда гипсбетон құбырлары тұрды. Қазір оның орнына 50 жылдан астам уақыт пайдалануға жарамды заманауи полимер құбырлар салынуда, — деді ол.

Келесі нысан — Жастар көшесінен Еркінқала ауылына дейінгі автокөлік жолы. Учаскенің жалпы ұзындығы — 11,6 шақырым, Жолдың 8,7 шақырымын төрт жолаққа дейін, қалған 2,9 шақырымын екі жолаққа дейін кеңейту көзделген.

Қайыршақты көшесінен Тайманов атындағы орта мектепке дейінгі 1,3 км учаскеде жолдың негізі нығайтылып, гранит бордюрлер салынуда. Сондай-ақ жерасты инженерлік желілерді оқшаулау және көшіру жүріп жатыр.

Облыс әкімі күзгі жауын-шашынға дейін қозғалысты ашу үшін мектеп маңындағы негізгі жұмыстарды 30 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

“Бұдан бөлек, жауын кезінде жүріп-тұруға қиындық туындайтын саяжай жолдарын, көшелер мен өткелдердегі проблемалы учаскелерді тегістеп, нығайтуға фрезерленген материал қолдану керек”, — деді аймақ басшысы.

Осыдан кейін Болат Ақшолақов Тасқала ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысымен танысты. Жұмыс 2022 жылы басталғанымен, құрылыс алаңының кейбір учаскесінде жерасты суының көтерілуіне байланысты уақытша тоқтатылған. 2024 жылы жұмыс қайта жанданды. Қазіргі дайындық деңгейі 80% шамасында. 2026 жылғы қарашада құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Әкім сондай-ақ “Өрлеу” шағынауданындағы 160 орындық жаңа балабақшаға барды. Нысан құрылысы NCOC компаниясының әлеуметтік жобалары аясында қаржыландырылған.
Екі қабатты ғимарат үш блоктан тұрады. Мұнда әкімшілік-шаруашылық блок пен ойын және ұйқы бөлмелері, киім ауыстыратын орын мен асханасы бар топтық бөлмелер қарастырылған.

Облыс әкімі өрт қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, ал бала қабылдау кезінде осы шағынауданда тұратындарға басымдық беруді тапсырды.

Бұдан кейін Болат Ақшолақов Жаңаталап ауылындағы Жамбыл атындағы жалпы білім беретін орта мектепке барды. Білім ордасында реновация бағдарлама аясындағы күрделі жөндеу жүріп жатыр.
Жұмыстар 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Мектеп 460 орынға арналған.
Жөндеу кезінде мектептің бастауыш сыныптары мен мектепке дейінгі топтар “Сармат” әскери мектебінде, жоғары сыныптар Амангелді және Ф.Оңғарсынова атындағы мектептерге білім алады.

Бұл орайда балаларды тасымалдау мәселесі өзекті болып отыр. Облыс әкімі автобустарды жалға алуды қаржыландыруды және тасымалды бекітілген бірыңғай кесте бойынша ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ Болат Ақшолақов 1978 жылы салынған ғимаратты күрделі жөндеудің қаншалықты орынды екенін қайта қарауға міндеттеді.

Мектеп 2015 жылы жөнделген, ал қазіргі күрделі жөндеу құны — 1,9 млрд теңге.

“Ұзақ уақыт пайдаланылған мектеп ғимараттарын күрделі жөндеу экономикалық тұрғыда өзін-өзі ақтай бермейді. Әбден тозығы жетіп тұруы мүмкін, сондықтан кей жағдайда жаңа мектептер салуды қарастырған тиімдірек. Күрделі жөндеу тізбесіне енгізілген барлық мектепке аудит жүргізіліп, олардың техникалық жағдайы және жөндеудің экономикалық тиімділігі бағалануы керек, сондай-ақ әрбір нысан бойынша ең оңтайлы деген шешім қабылдануы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімі Дамбы ауылдық округіндегі 300 орындық жаңа мектепке де барды. Білім ордасы 1 қыркүйекте шәкірт қабылдауы тиіс. Ғимарат төрт блоктан тұрады және заманауи құрал-жарақтармен жабдықталған. Бүгінде нысан Төтенше жағдайлар департаментінің қорытындысын күтіп отыр.

Болат Ақшолақов Төтенше жағдайлар министрлігіне Атырауда аккредиттелген сынақ зертханасының бөлімшесін ашу мүмкіндігін қарастыру жөнінде ресми ұсыныс жолдауды жүктеді. Бұл нысандарды салу және пайдалануға беру кезіндегі зертханалық сынақтарды тездетуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі оқушылардың қауіпсіздігі басты орында қала беретінін атап айтты.

Болат Ақшолақов Атамбаев көшесінде орналасқан мамандандырылған техникалық гимназияның 1983 жылы салынған ғимаратымен де танысты. Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, бұрынғы гимназия аумағында 280 орындық балабақша салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Аймақ басшысы шағынаудан тұрғындарының қажеттілігін талдап, учаскені тиімді пайдалану, соның ішінде әлеуметтік нысандар салу бойынша ұсыныстар беруді тапсырды.

Өңір басшысы жұмыс сапарының аяғында “Атырау — Индер” автокөлік жолын реконструкциялау барысын тексерді. Жоба жолды жалпы ені 18,5 метрлік төрт жолаққа дейін кеңейтуді, жарықтандыру, газ және электр желілерін қайта жүргізуді қарастырады.

Тапсырыс беруші мен мердігер ұйым арасындағы ұйымдастыру және рәсімдеуге қатысты мәселелердің шешілмеуіне байланысты жобаны іске асыру қарқыны бәсеңдеп, соның салдарынан құрылыс жұмыстарының бір бөлігі тоқтатылғаны жөнінде айтылды.

Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде даулы сұрақтарды реттеп, жұмысты қайта жандандыруды тапсырды. Жобаның кестеден кешігуіне байланысты қосымша қосалқы мердігер ұйымдарды тарту арқылы жұмысты жеделдетуді қарастыру жүктелді.

Болат Ақшолақов “Атырау — Индер” жолының реконструкциясын өз бақылауына алатынын баса айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1278060?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді