Павлодар облысы жаңа оқу жылын 100% дайындықпен және білім сапасы бойынша республикада 1 орынмен бастағалы отыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар облысының мектептері жаңа оқу жылына 100% дайын. Ал 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша өңір білім алушылардың үлгерім деңгейі бойынша республикада 1 орынға ие болды. Өңірдің білім беру жүйесінің жетістіктері мен негізгі міндеттері педагогтердің облыстық тамыз конференциясында таныстырылды.

Пленарлық отырыс басталар алдында өңірдің білім беру жүйесін цифрлық трансформациялаудың үздік тәжірибелері мен техникалық және педагогикалық шешімдері ұсынылған көрме ұйымдастырылды.

«Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы конференция облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өтті. Жиынға ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қатысты.

Пленарлық отырысты ашқан өңір басшысы жаңа оқу жылының білім беру жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқан кезеңде басталып отырғанын атап өтті. Бұл ретте адами капиталды дамыту, конституциялық реформаларды іске асыру және жасанды интеллектіні енгізу сынды маңызды міндеттер тұр.

Соңғы үш жылда облыстық бюджеттен білім беру саласын дамытуға 672 млрд теңге бағытталды. Бұл бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 34% құрайды. Тек биылдың өзінде білім беру инфрақұрылымын дамытуға, мектептерді жаңғыртуға, қайта жаңғыртуға және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 20 млрд теңге бөлінді. Оның 7 млрд теңгесі – өңірдегі ірі кәсіпорындардың демеушілік қаражаты.
Жаңа оқу жылында Павлодар облысындағы барлық 844 мектеп, оның ішінде шалғай ауылдарда орналасқан білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен 100% қамтамасыз етілді. Қалалардағы мектептер мен балабақшалардың аумақтары толық абаттандырылып, асфальт жабыны төселді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 6,7 млрд теңге бағытталып, осы қаражат есебінен 26 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл үш жаңа балабақша пайдалануға берілді және Екібастұз қаласында инвесторлардың қаражаты есебінен 140 орындық инклюзивті балабақша ашылатын болады. Өңірдегі мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші биыл және келесі жылы 100% деңгейінде сақталады.

Үкіметтің қолдауымен Павлодар қаласының «Усолка» шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Нысанды биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Павлодар облысында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешілді. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 8 жаңа мектеп салынды. Осы айда 220 орындық тағы екі мектеп ашылады. Сонымен қатар Кенжекөл ауылында 200 орындық, Тосағаш ауылында 70 орындық мектептер салу, Үштерек және Баянауыл ауылдарында, сондай-ақ Атамекен кентінде жалпы 620 орындық үш балабақша салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, тағы 15 мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі.

Қосымша білім беру инфрақұрылымы да дамып келеді. Павлодар мен Екібастұз қалаларында балалар шығармашылығы орталықтары, Ертіс және Ақтоғай аудандарында өнер мектептері ашылды. Майқайың кентінде 500 орындық өнер мектебінің құрылысы басталды. Успен және Май аудандарында бассейндер ашылды. Ертіс ауданында жаңа спорт нысанының құрылысы аяқталуға жақын.

Ауқымды инвестициялар мен педагогтердің жүйелі еңбегі білім сапасына оң әсерін тигізуде. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Павлодар облысы білім алушылардың үлгерім деңгейі бойынша еліміздегі өңірлердің арасында бірінші орынға ие болды. Оқушылар интеллектуалдық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп, биыл 311 медаль жеңіп алды. Өңірдің жаратылыстану-математикалық бағыттағы құрама командасы «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болса, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы команда бас жүлде иеленді. 7-8 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Павлодар облысының құрама командасына «Үздік олимпиадалық команда – 2026» сертификаты табысталды. Сонымен қатар өңірдің 7 мектебі Қазақстанның үздік олимпиадалық мектептері қатарынан көрінді.

Павлодар облысы түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу деңгейі бойынша да еліміздің көшбасшы бес өңірінің қатарына енді. Павлодар қаласындағы №7 мектептің түлегі Әсет Әлтаир бес пән бойынша ең жоғары – 140 балл жинады.

Ауыл мектептерінің оқушылары да жоғары нәтижелер көрсетуде. Ертіс ауданындағы Сілеті мектебінің, Баянауыл ауданындағы Шөптікөл мектебінің, Аққулы ауданындағы Уахатов атындағы мектептің, Екібастұздағы Құдайкөл мектебінің және Ақсу қаласының Ақжол ауылындағы мектептің барлық түлектері Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға арналған білім беру гранттарына ие болды.

Конференцияда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бұл ретте облыс әкімі цифрландыру тек қаржыландыру мәселелерімен шектелмеуі керектігін атап өтті. Әрбір бастама мұқият талданып, жоспарланып, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.

Конференция барысында жетістіктермен қатар қосымша назар аударуды қажет ететін мәселелер де талқыланды. Олардың қатарында мектептен тыс уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу, сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бар. Өңірде бала құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа басқарма құрылды. Асайын Байханов оның жұмысы формалды сипатта болмай, нақты нәтижеге бағытталуы қажет екенін атап өтті.

– Педагогтің жұмысы ізденіске толы, жүйелі және ең бастысы үздіксіз болуы керек. Әрбір балаға және оның қауіпсіздігіне үнемі назар аудару қажет, – деді Асайын Байханов.

Тамыз конференциясы аясында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтерді марапаттау рәсімі өтті.

«Құрмет» орденімен Павлодар қаласындағы М. Әуезов атындағы мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Альмира Камзина және «Жас дарын» лицейінің математика пәнінің мұғалімі Гүлназ Қожагелдинова марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі Павлодар қаласы, Шарбақты және Баянауыл аудандарының ұстаздарына табысталды. Аққулы ауданының білім бөлімінің басшысы Ерсін Еркенов және «Ертіс дарыны» қосымша білім берудің өңірлік оқу-әдістемелік орталығының басшысы Азамат Шаймұрат «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар ұстаздарға ведомстволық және облыстық наградалар табысталды.

«Үздік орта білім беру ұйымы – 2026» облыстық конкурсының қорытындысы бойынша Баянауыл ауданындағы М. Әуезов атындағы мектеп үздік орта білім беру ұйымы деп танылды. «Үздік орта білім беру ұйымы» номинациясы бойынша облыс әкімінің грантын Ақсу қаласының Ақжол ауылындағы Абай атындағы мектеп иеленді.
«Үздік мектепке дейінгі білім беру ұйымы» номинациясында Екібастұз қаласының №21 ресурстық орталығы, «Үздік балалар-жасөспірімдер орталығы» номинациясында Ақсу қаласының балалар шығармашылығы үйі, ал «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясында Тереңкөл ауданының аграрлық-техникалық колледжі жеңімпаз атанды.

Пленарлық сессия барысында ауыл мектептерінің озық тәжірибелері, өнеркәсіп саласына қажетті кадрларды даярлау мәселелері және жастардың цифрлық трансформациядағы рөлі де таныстырылды.

Баянауыл ауданындағы М. Әуезов атындағы мектептің директоры Самал Мәжитова, «ЕЭК» АҚ персонал және корпоративтік мәдениет жөніндегі директоры Айдос Адай, жоғары ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Бейбіт Паруаз өз тәжірибелерімен бөлісті.

Тамыз конференциясы педагогика саласының ардагерлеріне құрмет көрсетумен және мерекелік концертпен қорытындыланды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1277186?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді