Қарағанды облысында барлық табиғи өрт толық сөндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысының Қарқаралы, Ақтоғай, Бұқар жырау және Шет аудандарында тіркелген барлық табиғи өрт толығымен ауыздықталды. Өрттің елді мекендерге, шаруа және фермер қожалықтарына, сондай-ақ орман алқаптарына таралуына жол берілген жоқ.

Төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылықтары мен өзге де жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді іс-қимылының арқасында өрт ошақтары дер кезінде оқшауланып, толық сөндірілді.

Бүгін бақылауда болған құрғақ шөп пен бұталардың соңғы жану ошақтары да жойылды. Олардың бірі Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылы маңында, екіншісі Ақтоғай ауданының Ақши ауылы маңындағы Тоқырауын орманшылығы аумағында, тағы бірі Шет ауданының Үңірек ауылының маңында тіркелген.

Өрт сөндіру жұмыстары кезінде қатты желдің екпіні айтарлықтай қиындық туғызды. Жел жалынның құрғақ өсімдіктер арасында жылдам таралуына ықпал етіп қана қоймай, оның бағытын бірнеше рет өзгертті. Сонымен қатар таулы-далалы жер бедері мен кейбір учаскелердің қолжетімсіздігі де өртпен күресті күрделендірді.

Табиғи өрттерді жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, орман шаруашылықтарының және басқа да өзара іс-қимылдағы қызметтердің шамамен 1100 маманы мен 200-ден астам техникасы жұмылдырылды.

Өрт ошақтарын әуеден бақылау және сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің су төгетін құрылғымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» тікұшағы да тартылды.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірдегі барлық табиғи өрт толықтай жойылды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1278185?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді