
ҚАРАТӨБЕ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
Бүгін аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындық барысы туралы кеңес өтті.
Жиында аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы қыс мезгіліне сапалы дайындық – ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты науқандық штаб құрылып, жұмысты аудан әкімінің орынбасары басқарып отырғанын жеткізді.
Аудандық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Мұратұлы күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.
Оның айтуынша, аудан бойынша барлығы 89 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде:
– Білім беру саласы – 26 нысан
– Денсаулық сақтау саласы – 15 нысан
– Мәдениет саласы – 20 нысан
– Басқа мекемелер – 28 нысан
Барлық нысандар 100% газбен жылытылады. Қазіргі уақытта мекеме-ұйымдарда газ есептегіштер мен сигнализаторларды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Әзірге ешбір мекеме дайындық паспортын алмаған. Алдағы қыркүйек айында барлық ауылдық округтерге арнайы комиссия шығып, жұмыстың сапасын тексереді. Су және электр жүйелері де назарда.
Қаратөбе аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміндегі су құбырларының қысқы маусымға дайындығы жоспарға сәйкес атқарылуда. Биыл кәсіпорынға құдықтарға қажетті электр қуатын беретін 3 дана генератор берілді. Сонымен қатар резерв ретінде 5 дана су сорғысын алу қарастырылған.
Батыс Қазақстан электр тарату компаниясы” АҚ-ның 2023-2027 жылдарға арналған 4 жылдық жоспарына сәйкес, 2026 жылы аудандық электр торабында 10 кВт әуе желісінің 3,99 шақырымына, 0,4 кВт әуе желісінің 3,78 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек 4 дана қосалқы бекетке яғни трансформаторға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Берешек мәселесі шешілуде. 2026 жылдың 10 тамыздағы жағдай бойынша аудандағы мемлекеттік мекемелердің электр энергиясы бойынша берешегі бар 8 мекемеге ескерту берілген. Бүгінгі күнге 7 мекеме толық есептесіп, қалған 1 мекеме тамыз айының 15-не дейін қарызын өтейді.
Кеңес соңында аудан әкімі мекеме басшыларына теңгерімдегі нысандардың жылыту қазандықтарын, су айдағыш насостар мен генераторлар, сигнализаторлардың дайындығын қазірден бастап жіті қадағалауды тапсырды. Дайындық жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен жүргізу керектігі ескертілді.
Ауданда жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1277139?lang=ru

Жауап қалдыру