
Отырарда қазақ ән өнерінің қайталанбас тұлғасы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай мерекелік концерт өтті. Сазгердің бай рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Ән-аға, жан-аға» атты мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Рухани шара алдымен орталық алаңдағы ұлы композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және Түркістан облысының мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Ерназаров және сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяқова бастаған қонақтар мен көпшілік сазгердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Содан соң жиналған көпшілік Шәмші музей-үйі ұсынған құнды жәдігерлермен танысты. Онда біртуар тұлғаның музыкалық аспаптары мен жеке заттары қойылған болатын. Сонымен қатар қатысушылар арнайы дайындалған белгілі суретші Мәлік Әділханның қылқалам туындыларын тамашалады.
Салтанатты жиында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, тарихи өңірде бастау алған бүгінгі өнер кешінің маңызы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және Түркістан облысының мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Ерназаров Отырар өлкесінде дүниеге келіп, қазақ даласын әнімен тербеткен ұлы композитордың шығармаларын насихаттауға бағытталған шараның маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Концерттің шымылдығы Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Алаш» вокалды-аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен шырқалған «Отырардағы той» туындысымен ашылды. Сонымен қатар «Фараб» және «Ғасыр» би ансамбльдері өнер көрсетіп, көрермендерге шашу шашылды.
Мерекелік кеште қазақ өнерінің ардагерлері мен танымал эстрада жұлдыздары ұлы сазгердің халық жүрегінен орын алған әндерін орындады. Атап айтқанда, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Құрманбай Шойынбаев, Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, Руслан Ақынбеков және филармония әншілері Шәмші туындыларын жаңаша өрнекпен жеткізді. Кеш барысында қазақтың екі алып тұлғасы — Шәмші Қалдаяқов пен Халық ақыны Мұхтар Шахановтың шығармашылық байланысы мен достығына арналған арнайы бейнероликтер көрсетілді.
Жиын барысында өңірдің мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар сала қызметкерлері мен азаматтарға Алғыс хаттар мен мерекелік медальдар табысталды. Сондай-ақ сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяқова қадірлі қонақ ретінде қатысып, елдің ықыласына бөленді.
Концерт көрермендердің қатысуымен өткен оркестрдің сүйемелдеуіндегі караоке-интерактивпен жалғасып, қатысушылар «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең» әндерін бірге шырқады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1277917?lang=ru

Жауап қалдыру