Қазақстан мен Финляндия экология, Каспий теңізін қорғау және орман ресурстарын қалпына келтіру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі мен Финляндия Парламентінің депутаты Вилле Скиннари арасында екіжақты кездесу өтті. Тараптар Қазақстан–Финляндия үкіметаралық комиссиясы аясындағы екіжақты әріптестіктің негізгі мәселелерін және Еуропалық Одақтың «Global Gateway» бағдарламасы бойынша экологиялық бастамаларды іске асыруды талқылады.

Келіссөздер барысында қазақстандық тарап «Lamor Corporation» компаниясының Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын арттыру жөніндегі Концепция жобасын ресми түрде түскеннен кейін жан-жақты қарастыруға дайын екенін білдірді. Қазақстан жоба бағыттарының негізгі басымдықтарын — экологиялық мониторингті, мұнай төгінділерін жоюды және экожүйелерді қалпына келтіруді қолдайды, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасының жетекшілігімен, фин серіктестерінің техникалық қатысуымен іске асыру тәсілін құптайды.

Кездесуде Орталық Азия елдері үшін Орман шаруашылығының өңірлік оқу орталығын құру бастамасына ерекше назар аударылды. БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленіп жатқан жобаны Астанадан 100 км қашықтықта, Ақкөл орман шаруашылығы базасында орналастыру жоспарлануда. Орталық жыл сайын орман пайдаланудың халықаралық стандарттары мен өрт қауіпсіздігі бойынша 1000-нан астам маманды даярлауға арналған. Жобаның алдын ала бюджеті 40 млн АҚШ доллары көлемінде бағалануда.

Қазақстандық тарап Финляндияның орман саласындағы жоғары беделін атап өтіп, фин серіктестеріне жобада инвестициялық және технологиялық тұрғыдан қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, кездесу аясында «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік жобасын іске асыру жоспарлары таныстырылды. Бұл жоба республикадағы негізгі автожолдар мен теміржолдар бойында (ұзындығы 50-ден 390 км-ге дейін) қорғаныш орман белдеулерін құруды көздейді. Қатысушылар сондай-ақ «Қазгидромет» пен Финляндияның метеорологиялық институты (FMI) арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, суды тазарту бойынша фин технологияларын енгізуге және Финляндияның Геологиялық қызметімен (GTK) өзара іс-қимылды нығайтуға қызығушылықтарын растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1278144?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді